Атырауда ер адамнан Т30 млн-ның есірткісі тәркіленді
Атырау облысында полиция әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу кезінде үйінің ішінде есірткі заттарын таратумен айналысқан 30 жастағы Ақтөбе тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Turkistan.
Ақпаратқа сәйкес, күдіктіні тінту барысында жалпы құны Т30 млн болатын 500-ден астам доза альфа-PVP синтетикалық есірткісі тәркіленді. Ұсталған азамат бір дозаны Т60 мыңға сатуды жоспарлағанын айтты.
Қазіргі уақытта тергеу сотының үкімімен күдіктіні 2 айға қамауға алуға санкция беріліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Қасым-Жомарт Тоқаев Украинадағы соғысқа қатысты пікір білдірді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Украинадағы соғысқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды «Курсив».
Президент елдің тыныштығы мен тұрақтылығын басты құндылық екенін атап өткен.
«Біз «Бірлігіміз – әралуандықта» идеологиясын темірқазық етіп ұстанып отырмыз. Ұлтымыз бен наным-сеніміміз әртүрлі екеніне қарамастан, бір қоғамда тұтас халық болып өмір сүреміз. Мен баршаңызды осынау терең үдерісті толық түсінуге шақырамын. Сонда ғана табысқа жете аламыз. Қазір Украина жөнінде көп айтылып жатыр. Біз алғашқы кезден бастап осы соғысты міндетті түрде тоқтату керек, дипломатиялық келіссөздер арқылы бір мәмілеге келу қажет деп айттық. Бұл ұстанымымыз енді шындыққа айналды. Екі алпауыт ел саяси сұхбат жүргізе бастады. Бұл – жақсы үрдіс. Әрі Қазақстанға пайдасын тигізеді. Сондықтан біз мұны мейлінше қолдаймыз», – деді мемлекет басшысы.
Павлодарда облысында пансионат қызметкерлері 84 жастағы қарияны қорлаған
Ақсу қаласының прокуратурасы қадағалау қызметін жүзеге асыру барысында жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын пансионаттардың бірінде қарттарға қатыгездік көрсету фактілерін анықтады, деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ақпаратқа сәйкес, мекемеде түсірілген бейнежазбаларды зерттеу барысында қорқынышты фактілер анықталған. Пансионат қызметкерлері тұрақты екі дәрменсізді ұзақ уақыт бойы қорлап, зорлық-зомбылық көрсеткен. Жәбірленушілердің бірінің жасы – 84-те.
«Оларды үнемі ұрып-соғып, қолдарын бұрап, қыстың суығында сырт киімсіз аулада ұстаған. Осы факті бойынша Ақсу қаласының прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады», – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта барлық күдікті анықталған.
Заңгер Айгүл Орынбек қоғамға қауіпті балалар туралы дабыл қақты
Депутаттар, ата-ана баласының ауытқуы бар екенін біліп, ауруын жасырып үйінде ұстаса қылмыстық жауапкершілікке тартатын заң шығару керек. Бұл туралы заңгер Айгүл Орынбек дабыл қақты, деп хабарлайды Sкifnews.kz.
Оның мәлімдеуінше, көп ата-ана миында ауытқуы бар балаларын жындыханаға апаруға қимайды. Салдарынан олар қоғамдағы басқа адамдарға қауіп төндіреді.
«Шизофрения ауруымен ауыратындарға мемлекет тиісті деңгейде көңіл бөлу керек. Қазақтар бұл ауруға онша мән бере бермейді, қазақша «құс келгенде, құс кеткенде ауырады» деп балаларын үйде ұстап отыра береді. Бұл толық жазылмайтын созылмалы ауру түрі. Бұндай аурумен ауыратын адамдардың фантазиясында шек жоқ. Кейбірінің миы сау адамдардан артық жұмыс істейді. Бізде қаншама ата-ана бұндай диагнозы бар балаларын үйлерінде ұстап отыр. Себебі балаларын жындыханаға апаруға қимайды. Кешегі жағдайға ұқсас тағы бір оқиғаны айтып кетейін. Қарағандыда, кішкентай бала көршісіне пышақ тығып алған. Анасы жақында «бала үш жыл болды Алматыда ем алды, ал дәрігерлер жібермей жатыр. Шығаруға көмек беріңіз заңсыз ұстап отыр, оның есі дұрыс», деп хабарласты. Дәрігерлер жәйдан жәй ол баланы ұстамайды. Дәрігер мамандар жиналып қорытынды бермесе ол қоғамға қауіпті дедім. Әрине ол кісі маған ренжіді. Кез келген анаға өзінің тоғыз ай көтерген баласы әппақ, бірақ мида ауытқуы бар баланы ұстау, оны қадағалап бақылау мүмкін емес. Қоғам кейде көп мәселені бір жақты қабылдап жатады, екінші жағын осылай оқыс жағдайлар болғанда ғана ойбайлап шулап жатады. Кез келген жағдайда нағыз сарапшы мамандардың пікіріне жүгінген жөн! Ал біздің депутаттар, ата-ана баласының ауытқуы бар екенін біліп, ауруын жасырып үйінде ұстаса қылмыстық жауапкершілікке тартатын заң шығару керек. Себебі бұндай аурумен ауыратындар біздің елде көп!», - деп жазды заңгер әлеуметтік желідегі парақшасында.
Фото көзі: Ашық дереккөз