Тоқаевтың көрші мемлекеттер жайлы пікірі, елімізде трассалардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа тәсілі енгізілмек және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 24 сәуір. ҚазТАГ – Тоқаевтың көрші мемлекеттер жайлы пікірі, елімізде трассалардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа тәсілі енгізілмек және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

Тәуелсіздік алғалы Қазақстанға қанша қандас оралды?

2025 жылы 3 203 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 151 мыңнан аса этникалық қазақ оралды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (48,1%) Қытайдан, 39,5% – Өзбекстаннан, 5,8% – Түрікменстаннан, 2,5% – Монғолиядан, 1,9% – Ресейден және 2,2% басқа елдерден.

Осы жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 60,7%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,1%-ды және зейнеткерлер 8,2%-ды құрайды.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17,9%-ы жоғары білімді, 27,8%-ы орта кәсіби білімді, 52,9%-ы жалпы орта білімді, және 1,4% білім жоқ.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.

«Қазақ халқына ешқашан зиян келтірген жоқ»: Тоқаев көрші мемлекеттер жайлы пікірін айтты

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында шекаралас мемлекеттер жайлы сөз сөйледі, деп хабарлайды Orda.kz.

Президент қазақ халқындағы көршінің маңызын атап өтіп, Қазақстан көрші мемлекеттермен достықты нығайта түсуге айрықша мән беретінін мәлімдеді.

«Ресей – Қазақстанның бұрыннан келе жатқан негізгі стратегиялық серіктесі әрі сенімді одақтасы. Қытай елімен ықпалдастық тамыры да тереңде жатыр. Қытай халқы қазақ халқына ешқашан зиян келтірген жоқ, болашақта да зиян келтірмейді. Алатауды тең жайлаған қырғыздар – бір туған бауырларымыз. Ежелден еншілес өзбек ағайынды өз ағам деп қадір тұтамыз. Түбіміз бір деп түрікмендерді туыс санап, шын жүректен құрметтейміз. Қарт Каспийдің жағасындағы әзербайжан еліне деген ықыласымыз да ерекше. Бір сөзбен айтсақ, көрші елдермен қарым-қатынасымыз бауырластық рухында дамып келеді. Біздің арамызда түйткілді мәселе жоқ. Қазақстан мен Ресей құрлықтағы ең ұзын шекараны әуел бастан дау-дамайсыз шегендеп алды. Жақында Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан ұзақ жыл бойы шешімін таппаған шекара мәселесі бойынша ортақ мәмілеге келіп, тарихи келісімге қол қойды деп айтуға болады. Біз бауырлас елдер үшін қуанамыз, оларды әрдайым қолдаймыз», - деді мемлекет басшысы.

Көкшетауда Т170 млн-ды жымқырған лауазымды тұлғалар қамауға алынды

Т170 млн-нан астам қаражатты жымқырғаны үшін Көкшетау қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімімінің бұрынғы басшысы, техникалық қадағалау – «М-Строй Проект» ЖШС және мердігер компания басшылары ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Тurkystan.kz.

Ақпаратқа сәйкес, аталған қаражат 2021 жылы Көкшетау қаласындағы ескі әуежайдан бастап қан орталығына дейін «Набережная» жағажайын салуға бөлінген.

Күдіктілердің әрекеттері аса ірі көлемде жымқыру, яғни Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі бойынша сараланды. Қазіргі уақытта, қылмыстық іс аяқталу үстінде.

Елімізде трассалардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа тәсілі енгізілмек

Iшкi iстер министрлiгiнің мәлімдеуінше, трассалардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа тәсілі жолды тарылту әдісі, деп хабарлайды Aikyn.kz.

ІІМ «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында барлық автожолдарға талдау жүргізіп, аса қауіпті учаскелерді анықтады. Жолдың сол бөліктерінде жаңа тәсіл – жолды тарылту әдісі енгізілуде.

Тарылған жолда жүргізуші жылдамдықты автоматты түрде төмендетіп, мұқият болады. Бұл қауіпті аймақ арқылы өтуді қауіпсіз етеді.
Сондай-ақ тәртіпті қамтамасыз ету үшін ІІМ дрондар мен жасырын патрульдеуді белсенді қолданатын болады.

Фото көзі: akorda.kz


adimage