Тоқаевтың сайлауалды штабының үгіт насихат ережесін бұзғандығы анықталды

Алматы. 15 мамыр. ҚазТАГ – Қазақстан президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды штабының үгіт насихат ережесін бұзғандығы анықталды, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Тоқаев штабы азаматтарды қабылдап жатыр, ол жерде қызметтер көрсетілуде, яғни құжаттарды толтыру бойынша кеңес берілуде. Сайлау туралы заңда (27 бап 9 тармақ) сайлаушыларға тегiн немесе жеңiлдiк шарттарымен тауарлар, бағалы қағаздар беріп, қызметтер көрсету сайлау алдындағы жөнсiз үгіт деп саналатыны айтылған. Сайлау алдындағы жөнсiз үгіттi жүргiзуге тыйым салынған», - деп хабарлады сәрсенбіде «Эхо» үкіметтік емес ұйымының (ҮЕҰ) бағдарламалық директоры Мария Лобачева.
Аталмыш ҮЕҰ сайлауға азаматтық және қоғамдық бақылау жүргізеді. Лобачева Тоқаевтың сайлауалды штабының азаматтарды бірінші қабылдауы туралы ресми хабарламасына сілтеме жасаған.
«Өтініштерінде халық баспана бөлуге, жер телімін алуға, материалды және әлеуметтік көмек көрсетуге, мұрагерлік бойынша дауды шешуге ықпал етулерін сұраған. Қоғамдық қабылдауға жүгінгендер «Nur Otan» партиясынан түсіп жатқан кандидаттың сайлауалды платформасына қолдау көрсеткен. Азаматтардың мәселелерін анықтағаннан кейін, әр жағдай бойынша нақты түсініктер мен кеңестер берілген. Егер өтініштер мемлекеттік орган құзырына кірсе, оны ары қарай уәкілетті құрылымдарға жолдау үшін тиісті құжат толтырылған», - делінген сайлауалды хабарда.
Еске салсақ, 19 наурызда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшысы лауазымындағы өз өкілеттігін 2019 жылдың 20 наурызынан бастап тоқтататыны туралы жарлыққа қол қойған еді. Келесі президент сайлауына дейін елді уақытша сенаттың экс-спикері Тоқаев басқарады.
9 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жариялады, ол үндеуде 2019 жылдың 9 маусымында кезектен тыс президент сайлауы өтетін мәлімдеді. Кандидаттарды ұсыну 28 сәуірде, ал оларды тіркеу 6 мамырда аяқталды. 11 мамырда елде үгіт кампаниясы басталды.
Қазақстандағы басты қызметке жеті адам таласатын болады, соның ішінде Тоқаев та бар.


adimage