Астана 10 қыркүйек. ҚазТАГ - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауын іске асыру жөніндегі үкімет жоспарының жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдады, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің селекторлық отырысында ҚР Президентінің «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы қабылданды.
Құжат 81 тармақтан тұрады, оның ішінде мына бағыттар бойынша: заман талабына сай тиімді мемлекет – 11 тармақ, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – 15 тармақ, қарқынды дамыған және инклюзивті экономика – 27 тармақ, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі – 18 тармақ, қуатты өңірлер — қуатты ел – 10 тармақ.
«Барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер аталған құжатты Президент мақұлдағаннан кейін бірден алға қойылған міндеттерді орындауды бастауы керек. Біз алға қойылған міндеттерді тиімді шешу бойынша үйлескен жұмысты қамтамасыз етуіміз қажет», — деді А. Мамин.
Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының қабылданған жобасы ҚР Президенті Қ. Тоқаевқа бекітуге жіберіледі.
Тоқаевтың жолдауын жүзеге асырудың ұлттық жоспарының жобасын үкімет қабылдады
