Трамп АҚШ әскери базаларына Иранның соққысы туралы: Бәрі жақсы, біздің әскери күшіміз әлемдегі ең мықты

Алматы. 8 қаңтар. ҚазТАГ – АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ әскери базаларына Иранның жасаған соққысына түсінік берді, деп хабарлады ҚазТАГ ХАА тілшісі.
«Бәрі жақсы! Зымырандар Иракта орналасқан екі әскери базаға Ираннан ұшырылды. Қазір қаза тапқандар мен келтірілген шығынды есептеу жүргізілуде. Бәрі жақсы! Бүгінгі таңда біздің әскеріміз әлемдегі ең мықты және жақсы жасақталған! Мен ертең ертеңгісін мәлімдеме жасаймын», - деп жазды Трамп сәрсенбі күні Twitter парақшасында.
Бұған дейін хабарлағандай, Ирактағы АҚШ-тың бірнеше әскери нысандарын Иран аумағынан ұшырылған баллистикалық зымырандар атқылаған еді. Иран сыртқы істер министрі Джавад Зариф жағдайға түсінік бере келе Тегеран «АҚШ нысандарына Біріккен Ұлттар ұйымы (БҰҰ) жарғысының 51 бабына сәйкес өзін-өзі қорғау мақсатында шабуыл жасады» деп мәлімдеді. Бұл ретте ол генерал Кассем Сулейманиге опасыз шабуыл жасалғанын айтқан. СІМ басшысы жағдайды шиеленістіруді немесе соғысты көздеп отырмағанын, бірақ кез-келген агрессиядан қорғанатындарын қадап айтты.
Тегеран мен Вашингтон арасындағы қарым-қатынас 3 қаңтар күні Трамптың бұйрығымен Бағдат халықаралық әуежайы маңайында зымыран соққысынан ирандық генерал Кассем Сулеймани өлтірілгеннен кейін күрт шиеленісіп кетті. Ресми түрде Тегеран Ирандағы иерархия бойынша екінші адамның өлімі үшін кек алуға уәде берді. Бұл жағдай мұнай бағасы қарқынды өсуді бастағанда бірқатар арабтық мұнай компанияларының акцияларын түсіріп жіберді.

adimage