Астана. 29 сәуірде. ҚазТАГ – «Цеснабанк» АҚ атауын өзгертті, деп хабарлады қаржылық мекеме баспасөз қызметінен.
«2019 жылғы 29 сәуірде «Цеснабанк» АҚ (бұдан әрі – Банк) өз атауының өзгеруі туралы жариялады. Банктің жаңа атауы жеке тұлғаларға арналған "Jýsan Bank" ("Жусан банк" латын әліпбиінде бекітілген) брендімен "First Heartland Jýsan Bank" АҚ деп бекітілді», - делінген бейсенбіде таратылған хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, ребрендинг туралы шешім Банктің жаңа бизнес стратегиясының шеңберінде қабылданды және 2019 жылдың ағымында сыртқы жарнама нышандары кезең-кезіңімен өзгертіліп, Jýsan Bank атауымен және белгісімен жаңа банктік өнімдер және басқа да құралдар енгізілетін болады. Бұл ретте клиенттерге Банк қызметіне байланысты құжаттарға қандай да бір өзгертулер енгізу, карталарды қайта шығару және шарттарға қайта қол қою сияқты мәселелер жөнінде алаңдаудың қажеті жоқ.
«Біз транзиттік кезеңді сәтті өткеріп, Банкті толық сауықтырдық және бәсекеге қабілетті жаңа кредит өнімдерін іске қосып та үлгердік. 1 сәуірдегі жағдай бойынша Банк 680 млрд теңгедан немесе барлық активтерінің 70% асатын сомамен жоғары өтімділікті активтер үлесі бойынша нарықтағы үздіктер үштігіне кіреді, сондай-ақ кредиттік портфельге қалыптастырылған резервтер көлемі бойынша бірінші орында», - деп мәлімдеді банк басқармасының төрағасы Бекжан Пірматов.
Еске салсақ, 6 ақпанда белгілі болғандай, «Цесна» Қаржылық холдингі» АҚ «Цеснабак» бақылау пакетін First Heartland Securities компаниясына сатқан. 22 сәуірде «Цеснабанк» АҚ мен «First Heartland Bank» АҚ бірігуі мүмкін екендігі хабарланған еді. .
«Цеснабанк» атауын өзгертті
