Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – негізгі мақсат

Күні: 13:06, 22-05-2019.

Түркістан. 22 мамыр. ҚазТАГ - Туристердің қауіпсіздігі алдыңғы орында тұруы тиіс, деп санайды Шымкент қалалық ішкі істер органдары және Ұлттық Ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы, полиция полковнигі Сержан Тұрсынбеков.
Бүгінгі таңда «Түркістан» мен «туризм» сөзі егіз ұғымға айналып келеді. Түркістан десе елдің ойына туризм оралады. Бұл орайда алдымен көз алдыңызға Қожа Ахмет Ясауи кесенесі елестейтіні мәлім. Киелі шаһарға жан-жақтан ағылған саяхатшылар мен зияратшылар саны да арта түсуде.
Мысалы, 2017 жылмен салыстырғанда қалаға келуші туристер мен зияратшылардың саны өткен жылы 25 пайызға артып, 1 млн 495 мың адамды құрады. Туристерге көрсетiлген қызметтерден 5 млрд 900 млн теңге көлемінде табыс түсті. Осы орайда, жыл сайын қатары көбейіп келе жатқан туристерге сапалы қызмет көрсету мәселесіне Түркістанда ерекше мән берілуде. Туристік полиция қызметінің ашылуы осы мақсаттағы игі істердің бірі.
«Жасыратыны жоқ, өзге елдердің азаматтары Қазақстанды мұнайлы мекен, аумағы үлкен ел деп қана біледі. Бізге осы түсінікті тереңдетіп, туризммен де танымал бола алатынымызды дәлелдеу қажет. Ол үшін туристердің қауіпсіздігі алдыңғы орында тұруы тиіс. Осы тұрғыдан келгенде, туристік полицияның құрылуы өте дұрыс шешім деп есептеймін», - дейді Шымкент қалалық ішкі істер органдары және Ұлттық Ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы, полиция полковнигі Сержан Тұрсынбеков.
Бүгінгі таңда Түркістан облысы Полиция департаментінің туристік бөлімшесі 10 қызметкерден тұрады, оның 5-і Қ.А.Яссауи кесенесінде болса, қалған 5-і Отырар ауданы полиция бөліміне, яғни Арыстан баб мавзолейіне берілген. Әр обьектіде модульдік түрдегі стационарлық бекеттер орналастырылды. Мамандар бейнетіркегіштермен, планшеттермен, рациялармен жабдықталған.
Полиция қызметкерлері туристермен қарым-қатынас жасау үшін бірнеше тілді меңгерген. Сондай-ақ, туристерге туындаған мәселелерін шешу үшін өзге құрылымдармен өзара іс-қимыл жасауды қамтамасыз етуде қызмет жасауға дайын.


Жаңалықтармен бөлісу: