ТЖ вице-министрі Валерий ПЕТРОВ: ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДА ҚҰТҚАРУШЫЛАРСЫЗ ТІРІ ҚАЛУ ҚИЫН

 

Астана. 23 желтоқсан. ҚазТАГ - Бауыржан Мұқанов. Қысқы маусым дәстүрлі түрде тек қазақстандықтарға ғана ауыр сын емес, республиканың төтенше жағдайлар министрлігі үшін де сын. Жолдардағы борандар, аяз бен күртік қарлар БАҚ-тарда жарияланып жатқан ақпаратқа сылтау ғана. Ведомствода GPS-навигация қалай енгізілуде? Ғарыштық мониторингі жүйесін іске қосудың мерзімі қандай? Агенттік тілшісі осы және басқа да сауалдарды ҚР ТЖМ вице-министрі Валерий Петровқа қойды.

 

- Валерий Викторович, құтқарушының жұмысының мәнісі неде?

 

- Сізге бір мысал келтірейін. Қызылағаш қайғылы оқиғасы орын алғанда біз тікұшақпен аралға ұшып келдік. Арал жан-жағынан сумен қоршалып, онда көптеген адамдар мен балалар болды. Біз барып қонғанда бірінші естіген сөзіміз: «ТЖМ ұшып келді! Тірі қаламыз!», - деген сөздер болды. Біз сол кезде 2 тікұшақпен 350 адамды аралдан шығардық. Міне, сол үшін болса да жұмыс істеуге болады. Мен өз мамандығымды мақтан тұтамын және өзімді құтқарушы деп есептеймін.

 

- Былтыр Астана – Бурабай тас жолын қар басып, қозғалыс тоқтап қалды. Төтенше жағдай қызметі ондай оқиғалардың қайталануына дайын ба?

 

- Егер тас жолды қар басып қалса, біздің қолдан түк келмейді! Ол жағдай ТЖМ-ге еш қатысы жоқ. Біз былтырғыдай, күртік қарды аршып, құтқару амалдарын жүргізе береміз. Айтпақшы, қыс қарсаңында мен осы тас жол мамандарымен кеңестім. Олар жасыл желекті жолдан қашық отырғызуда қателік кеткен деп отыр. Жасыл жолақ жолға тым жақын отырғызылған. Соның салдарынан ұйытқыған жел қарды жол үстінде қалдырады екен. Бәлкім, қосымша жасыл жолақ отырғызар, ал ескі жолақты кейін алып тастар. Бірақ ҚР көлік және коммуникация министрлігі қар тазалауға биыл қосымша қаражат пен күш қарастырып отыр.

 

- Сіз Қазақстанда өмір сүрудегі қауіпсіздік мәдениетін қалай бағалар едіңіз?

 

- Әзірге оның деңгейі төмен. Пайыздық тұрғыдан айта алмаймын, оған әлеуметтік зерттеулер жүргізу керек. Бір мысал келтірейін. Жыл сайын ескертеміз, радио арқылы, ТВ, sms арқылы «жолды қар басып қалған, жолға шықпауларыңызды сұраймыз» деп ескертеміз. Жол-патруль полицейлері жолдарды жабады, ал біздің азаматтар айналма жолдармен бәрібір жолға шығып, жарты жолда күртік қарға кептеліп қалады. Содан соң телефон шалып: «Жігіттер, құтқарыңыздар! Біз мұнда өлім аузындамыз!», - дейді.

Біздің құтқарушыларымыз көп жағдайда ерлікпен оларға жетіп, күртік қардан құтқарады. Егер олардың өмір сүру қауіпсіздік мәдениеті жоғары болса, ауа райының осындай қолайсыз кезінде жолға шықпаған болар еді. Жолдар жабылған бір тәулік ешнәрсе шешпейді. Бірақ оларда өмірмен қоштасу мүмкіндіктері өте жоғары.

Еуропалықтар мен американдықтар өте тәртіпті адамдар. Егер «жоқ» десең, олар тыңдайды. Ол жақта «мұнда қауіпті, жүрмеңіздер» деп жазып қойса жеткілікті, ешкім онда бармайды! Оларда сақтандыру жүйесі өте дамыған. Айталық, сақтандыру компаниясы тексеру барысында ескерту белгілері бар болған жерге адам барып, жарақат алғанын анықтаса, оған сақтандыру өтемақысын төлемейді.

 

- Қазақстанда адам сұрапылмен бетпе-бет жалғыз қалуының кең тараған түрі қандай?

 

- Егер табиғи ТЖ-лар туралы айтар болсақ, бізде, таң қаларлығы, негізгі қауіп төндіретін су болып табылады. Жыл сайын мыңдаған адам су қоймаларында қайтыс болады. Себебі тым қарапайым - маскүнемдік, жеке сақтандыру құралдарын пайдаланбау.

Балықшы қайыққа отырады, ал жеңіл және ыңғайлы 500 теңгелік құтқару кеудешесін сатып алғысы келмейді. Қайық аударылып, ол суға батып кетеді. Өкінішке қарай, балалар суға кетуде. Әдетте, ата-аналары байқамай қалады, өздері отырады, ал бала шомылуға кетеді...

Екінші апат – аяз бен боран. Бақытымызға қарай, соңғы жылдары адамдардың далада қатып қалу оқиғалары сирек. Есімде, 1996 жылы Ақмола облысында далада 100-ден астам адам қатып қалған. Қазір түсіну артып келеді, өмір қауіпсіздігін сақтау мәдениеті көтерілуде.

 

- Сіз қалай ойлайсыз, бізде ТЖМ-ге арқа сүйемей, өз өмірімізді сақтау, өмірге деген басқаша көзқарас таныту заманы келе ме?

 

- Сөзсіз, психология өзгереді. Бүгіндері біз нарыққа еніп, жеке меншік өмір салты басталғалы, барлық меншіктің 95% жеке меншік шығар, әрине, адамдардың да сол мүлікті сақтауға деген көзқарасы да өзгереді. Адамдар оларды төтенше жағдайдан құтқару жолында шаралар қабылдай бастайды.

Сонымен қатар, өзгерістер тез арада бола қалмайды, себебі адамдардың өмір сүру деңгейі де әр келкі. Өмір сүру деңгейі жоғары жерде меншікті, өмірді, денсаулықты сақтау шаралары да жоғары. Ал өмір сүру деңгейі төмен жерде осы шараларға қаражат та жоқ. Оның басқа тұстары да бар. 10-15 жыл бұрын қауіпсіз өмір сүру саласында мемлекеттік саясат та нашар болатын.

Бүгіндері онымен ТЖМ айналысады, және біздің радио, ТВ, баспа БАҚ-тары, интернет-кеңістік арқылы жүргізіп отырған ағарту жұмыстарымыз өз нәтижелерін беруде. Біздің қоғам дамыған сайын азаматтардың өзін-өзі сақтау тетіктері де жетіле түседі.

 

- «112» жобасы туралы сіз не айтасыз? Ол қашан заңдастырылады?

 

- «112» жобасы «Азаматтық қорғау туралы» жаңа заңда енгізіледі. Қазіргі таңда «112» жобасы ТЖМ аумақтық органдарының барлығында құрылды, және олар жұмыс жасап жатыр. Сонымен қатар, «101» (өрт), «102» (полиция) және «103» (жедел қызмет көрсету), яғни азаматтар бәрібір тақырыптар бойынша жұмыс жасайды. 3 жыл ішінде «112» бірыңғай нөмірін енгіземіз, яғни, кез келген көмек бойынша азаматтар бір нөмірге хабарласады, ал оператор кімге қосу керектігін анықтайды: полицияға, жедел қызмет көрсету бөліміне, құтқарушыларға немесе коммуналшыларға.

Алматыда күші 3-3,5 балдық жер сілкінулері болған жағдайда «112» -ге 20 мыңға дейін қоңырау түседі.

 

- 2015 жылға қарай Қазақстан аумағының жартысынан көбі жоғары нақты спутниктік навигациямен бүркелетін болады. Оған ТЖМ қатыса ма?

 

- Әлбетте, біз спутниктік навигацияны қолданамыз. Ірі қалалардағы апаттық-құтқару машиналары, тікұшақтар, өрт сөндіру машиналары жайғастыру жүйесімен жабдықталған. Біз «112» диспетчер қызметінде министрліктің жылжымалы қозғалысының барлық құралының жайғасқан орны туралы деректер болады деп жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда бізде жүйеде 10 мыңнан астам авто бар, олардың 20-30%-ы GPS-пен жабдықталған. Орта есеппен жылына 60-80 GPS-қабылдағыш орнатылған, мүмкін одан көп те қондырылған шығар.

 

- Ресеймен біріккен ТЖ ғарыштық мониторингі мен болжамының жобасы қалай жүзеге асырылуда?

 

- ТЖ көзқарасы бойынша, мониторинг ғарыштық түсірілімдерді арнайы өңдеп, қажет ақпаратты алу үшін керек. Бүгінгі таңда бұл мәселе ресейліктермен бірге талқылануда. Аталмыш станцияларды қолдану үшін жерсеріктердің жалпы жұмыс алгоритмі болу керек. Осылайша біз өрт шығу ошақтарын, су тасқыны кезінде су басу динамикасын көріп отыра аламыз. 2014 жылдың басына қарай бізде тәжірибе жүзінде бұл жүйе жұмыс жасайды деп ойлаймыз.

 

- ТЖМ көп көңіл мен қаржы бөліп отырған оқулардан қандай пайда бар?

 

- Оқудың қажеті жоқ деген қате пікір қалыптасып қалған. Шын мәнісінде бәрі керісінше. Біз «Қыс-2013» оқуын өткіздік. Біріншіден, коммуналдық қызмет кәсіпорындарының басшылары алға қойылған тапсырма аясында техниканың дайындығын тексеріп, ненің бар, ненің жоқ екендігін санады. Олар өздерінің ұжымдарын жинауға тырысты, ал бұл бір қарағанда оңай емес. Біздің оқулар - тәжірибелік шаралар. Мысалы, тез тұрғызылатын бөгеттерді қалай тұрғызуға болады? Бәрі оқуда тексеріледі. Оралда  Шаған және Орал өзендері арнасынан шығып кеткенде ол жақта ондаған километрге қаптардан жасанды бөгеттер тұрғызылды. Мұндай ауқымды шараға ТЖМ мен коммуналдық қызметтердің күштері мен құралдарының жетпейтіні түсінікті, оған қосымша күш керек. Ал олар кәсіпорындар мен ұйымдардың азаматтары, ішкі әскерлер, қорғаныс министрлігі. Олар-ортақ іске қатысушылар.

 

- Сұхбатыңызға рахмет!


adimage