Варшавада Тәуелсіздік күнінде орын алған тәртіпсіздіктер барысында 50-ге жуық адам зардап шекті

Күні: 10:42, 12-11-2014.

Алматы. 12 қараша. ҚазТАГ – 11 қараша күні Варшавада ұлтшылдық қозғалыстар ұйымдастырған Тәуелсіздік маршы кезінде лап ете қалған тәртіпсіздіктер барысында 50-ге жуық адам зардап шекті, деп хабарлайды ресейлік «ТАСС» агенттігі.
«Марш кезінде агрессиялы ниеттенген жас адамдардың үлкен тобы республикада аталып өтіп жатқан Тәуелсіздік күніне орайластырылған акциялардың аяқталуы жоспарланған Ұлттық стадион маңына жақындаған шерушілер сапын күтіп тұрған. Беттерін жауып алған арандатушылар полицейлерді петардалармен, түтіндеу құтысымен, тастармен және жандырғыш қоспасы бар бөтелкелермен атқылаған. Тәртіп сақшыларына су атқыштар, жасауратқыш газ және резеңке оқтар қолдануға тура келді», - делінген жариялымда.
Құқық қорғау органдарынан хабарлағандай, 23 полицей мен манифестацияның 24 қатысушысы зардап шеккен.
Маршқа бірнеше ондаған мың адам қатысқан. Полиция өз хабарларында 30 мың санын көрсетсе, ұйымдастырушылар Варшава көшелеріне шерудің 100 мың қатысушысы шыққанын айтып сендіруде.
Полиция қақтығыс барысында 276-дан аса құқық бұзушыны ұстады. Полиция бас комендантының баспасөз хатшысы Мариуш Соколовскидің айтуынша, олардың басым көпшілігі – польшалық футбол фанаттар клубының өкілдері.
Варшава әкімшілігіндегілер бұзықтардың қала инфрақұрылымына да шығын келтіргендерін көрсетті. Марш трассасында жол белгілері мен қоршаулар қиратылып, төсемелі жол мен трамвай аялдамалары зақымдалған.
Польшаның басқа қалаларында Тәуелсіздік күніне арналған салтанаттар салмақты оқиғаларсыз өтті. Бүкіл ел бойынша жалпы саны 634 бұқаралық іс-шара өткізілді.


Жаңалықтармен бөлісу: