Үйіне оралғандар саны 40 мыңға жуықтады, Adam-ның рекорды және тағы басқа тақырыптар дайджесті

   Астана. 30 сәуір. ҚазТАГ – Үйіне оралғандар саны 40 мыңға жуықтады, Adam-ның рекорды және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.
   «Су тасқыны. Оралда жағдай тұрақталып келеді»
Батыс Қазақстан облысында су тасқынының алдын алу және авариялық-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Baq.kz.
Батыс Қазақстан облысы ТЖД ресми өкілі Нұржан Төлеуіш айтуы бойынша, қауіптің беті сейілді, өйткені Жайық өзенінің су деңгейі күн сайын төмендеп келеді. Қазіргі көрсеткіш - 8 м 28 см, тәулік ішінде 10 см төмендеді.
«Жалпы су тасқыны кезеңінде 14 028 адам эвакуацияланды. Облыста 12 эвакуациялық пункте 2428 адам орналасқан, оның 1038-і бала. Екі аудан бойынша екі елді мекен жол-көлік қатынасынсыз қалып отыр, 13 жол шаю оқиғасы қатаң бақылауда. 5 сәуірден бері гуманитарлық көмек қабылдайтын облыстық штабқа 1 млн 304 мың тонна көмек жеткізілді. Барлық жұмыстарға 1578 адам, 309 техника, 65 су сору құралы, 134 жүзу құралы және бір әуе кемесі жұмылдырылды», - деді Нұржан Төлеуіш.
«Арқалықтан Т400 млн 31 пәтер сатып алынды»
Қостанай облысының әкімдігі қаржы басқармасы басшысының орынбасары Алма Жүсіпованың айтуынша, облыста су тасқынының салдарын жоюға жергілікті бюджеттен шамамен Т5 млрд бөлінді, деп хабарлады Halyq-uni.kz.
Қазіргі таңда өңірде су тасқыны бойынша жағдай тұрақталған.
«Бізге үкіметтің қосымша резервінен Т405 млн бөлінді. Бұл қаржы толық игеріліп, Арқалық қаласынан 31 пәтер сатып алынды. Өңірдегі 1 100 үй тексерілді. Оның ішінде шамамен 700 үйді қалпына келтіруге болады. Оларға өтемақы төленіп, үйлері жөнделеді. 378 үй тұруға жарамсыз деп танылды. Коммуналдық тұрғын үй қорынан үйлер беріледі. Баспана жеке сектордан сатып алынады. Сондай-ақ тағы 30 пәтердің құжаты дайындалып жатыр. Олар тасқыннан зардап шеккен Қостанай ауданының тұрғындарына беріледі», - деді Алма Жүсіпова.
«Әнші Adam-ның «Жүрек» әні рекорд орнатты»
Adam лақап атымен танылған әнші Фаррух Тохтамұратовтың «Жүрек» әні рекорд орнатып, әлемге таралды, деп хабарлайды Stan.kz.
Әншінің қазақ тіліндегі алғашқы әні топ жарып, хитке айналды. Аз уақытта бүкіл әлемді бағындырған ән Youtube желісінде 52 млн қаралым жинаған. Ал Shazam әлемдік рейтингісінде бұл туынды 13-орында тұр. TikTok желісінде «Жүрек» әні 5 млрд рет тыңдалған.
«Менің алғашқы қазақ тілінде орындаған әнім. Ауылда жүргенде жазып едім. Өте танымал болып, көп тыңдалып жатыр. Ауылда тұрғанға не жетсін?! Бүкіл шабытың ашылады», – дейді әнші.
«Су тасқыны: үйіне оралғандар саны 40 мыңға жуықтады»
Су тасқынымен күресте ел бойынша 17 мыңнан астам адам мен екі мыңға жуық техника жұмылдырылды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Асқар Шәріп мәлімдеді, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
«Республика бойынша 7 089 жеке тұрғын үй мен 2 834 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды, 39 352 адам үйіне оралды және 6 552 адам эвакуациялау пункттерінде қалып отыр. Су тасқыны бастағалы 13,1 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 7,6 млн астам қапшық және 1,5 млн астам тонна инертті материал төселді», - деді Асқар Шәріп орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Фото көзі: azh.kz


adimage