Қырғызстан премьері Жамбыл облысын суармалы сумен қамтуға ықпал етуге уәде берді

Тараз. 31 наурыз. ҚазТАГ – Қырғызстанның премьер-министрі Мұхаммедқали Әбілғазиев Жамбыл облысын суармалы сумен қамтуға ықпал етуге уәде берді, деп хабарлады өңір әкімінің баспасөз қызметінен.
«30 наурызда Бішкекте Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қырғыз Республикасының Премьер-министрі Мұхаммед Әбілғазиевпен кездесті. (…) Кездесу қорытындысы бойынша, Қырғыз тарапы бекітілген кесте мен жоспарға сәйкес, вегетациялық кезеңде Жамбыл облысына суармалы судың жеткілікті көлемін түсіру үшін көмек көрсетуге дайын екенін білдірді», - делінген сейсенбіде таратылған хабарда.
Кездесу барысында қазақстандық тарап жан-жақты экономикалық кооперацияның, транзиттік-көлік, су-энергетика және инвестициялық салалардағы мәселелерді бірлесіп шешудің маңызын атап өтті.
«Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы кластерін дамыту Қырғызстаннан келетін Шу мен Талас өзендерінің суына байланысты және Қазақстан бұл мәселеде қолдау күтеді», - деп атап өтті Сапарбаев келіссөздер барысында.
Сондай-ақ, кездесуде Күркіреу өзенінің мемлекетаралық су пайдалану нысандарының тізіміне енбеген үш каналының мәселелеріне көңіл бөлінді. 15 жыл бойы осы өзеннің бұл арналары арқылы Қазақстанға су түспеген.
Әбілғазиев қаралған мәселелерді шешу, оның ішінде су жеткізу кестесін сақтау, Күркіреу өзенін Мемлекетаралық су пайдалану нысандарының тізіміне енгізу жөнінде жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар берді.

adimage