Қырғызстан жогорку кенешінің спикері АХМАТБЕК КЕЛДІБЕКОВ: «ПАРЛАМЕНТ ӨЗ КӨЗҚАРАСЫҢДЫ БІЛДІРЕТІН АЛАҢҒА АЙНАЛДЫ»

Түркі тілдес мемлекеттерінің парламенттік ассамблеясын (ТүркПА) өткізу аясында Қырғызстанның парламент төрағасы ретінде Ахматбек Келдібеков Қазақстанға өзінің алғашқы сапарын жасайды.  

А. Келдібеков Қырғызстан билік тұғырында белді позициялардың бірін ұстап отыр. Қырғызстанның жаңа Конститиуциясына сәйкес, Спикер – мемлекеттің бірінші тұлғасы. Сонымен, кейде Қазақстанда да айтылып жүрген Парламенттік республика дегеніміз не? Осымен байланысты Қырғызстанда қандай қарама-қайшылықтар туындап жатыр?

Осы және басқа да ҚазТАГ сауалдарына Қырғызстан жогорку кенешінің спикері Ахматбек Келібеков жауап береді.  

 

Сіз елдегі барлық бақылау функцияларын өзіне қайтарып алған жоғорку кенеш қызметінің басталуын қалай бағалайсыз?

 

- Мен оның жұмысын орташа, бірақ жетістікке деген нышандары бар деп бағалаған болар едім. 2010-шы жылғы сәуір оқиғаларынан кейін және 2005-ші жылғы наурыз оқиғаларынан кейін (бұлар Қырғызстанның І және ІІ революцияларының даталары), бұл жылдар бір-біріне ұқсас болды. Бірінші революциядан кейін мен парламент депутаты болдым, екінші революциядан соң оның төрағасы болдым. Қазір жағдайдың тұрақтану үдерісі жүріп жатқанда, барлық саяси тараптар ортақ пікірге келіп, бір-бірімен ортақ тіл табысып жатыр және ол табиғи нәрсе де. Бірақ барлығы да жақсарып келеді, депутаттар заң шығару және бақылау функцияларымен айналыса бастағаны - жақсылық.Кезінде саяси дау мен пікірталас заң шығарушылықтан басым болған кездері де болған.

 

Өткен 4 айда қанша заң қабылданды?
 

Жүзге жақын. Келіп түскен заңдарды бірінші, екінші оқылымдарда қабылдауға тырысамыз. Қайтадан әзірленіп жатқан заңдар өздерінің процедураларынан өтеді. Олар заңгерлік қорытынды, қоғамдық талқылау, фракцияларда, комитеттерде қарау.  

 

Өткен аптада сіз депутаттарға шұғыл түрде үш заңды қабылдау керектігімен үндеу салдыңыз. Сол туралы таратып айтып берңізші…

 

Күзде президент сайлауы өтеді. Сондықтан біз шұғыл түрде жоғорку кенеш депутаттары мен ел президентін сайлау туралы заңдарды қабылдауымыз керек. Бізде конституция басқаша, басқару формасасы парламенттік, сондықтан президентті сайлау туралы бұрынғы заңда нормалар басқаша қарастырылған. Біз сондай-ақ орталық сайлау комиссиясы туралы, сот жүйесі туралы заң қабылдауымыз керек. Олар ашық болып, сот жүйесін түбегейлі өзгертуі тиіс. Ол заңдар сайлауға әсер етеді.

 

Қазір парламент пен үкіметтің арасындағы қарым-қатынас қандай?

 

Жақсы. Үкіметке көмектесу керек, парламент қабылдаған заң жобаларын үкімет іске асыруы тиіс, жоғорку кенеш бекіткен бағдарламаларды үкімет тиімді іске асыруы тиіс.

Біз үкімет пен парламенттің теке-тіресетіндей әлі де президенттік басқару формасынан ұзап кете алған жоқпыз. Бұлар біртұтас, сондықтан біз үкімет тікелей жоғорку кенештің барлық бағдарламалары мен заңдарын орындауға біртіндеп үйренеміз. Әртүрлі заң жобаларына қатысты талас туындайды. Онда үкімет заңның ықшамдалған нұсқасын өткізіп жібермекші болады, немесе өзіне көптеу өкілеттік алғысы келеі дегендей…

Бірақ, біз парламенттік басқару формасын таңдаған екенбіз, біз халық алдында қабылданып отырған заң тиімділігі мен үкіметті басқарудың тиімділігі үшін жауап береміз.

 

Ал спикердің премьер-министрмен жеке қарым-қатынасы қандай?

 

Менің қарым-қатынасым жақсы, жиі араласып тұрамыз, кейде бір күнде бірнеше рет телеыон шалып тұрамыз, кейде мәселені қажеттігіне қарай екі-үш күн талқылаймыз. Біз араласып тұрамыз, қарым-қатынасымызда ешқандай проблема жоқ.

 

Бүгіндері парламент елдің тіршілігіне қатысты барлық мәнді мәселелерді шешіп отыр деп айтуға бола ма?

 

100% «иә» деп айта алмаймын, себебі конституцияны қабылдадық, басқару формасын өзгерттік, бірақ біз барлық құқықтық-нормативтік актілерді жаңа конституцияға сәйкестендіріп жатырмыз. Біз осылардың барлығын аяқтаған соң мен, шынымен де парламент ел үшін маңызды мәселелердің барлығын шеше алады деп айта аламын.

Оған уақыт керек. Жоғорку кенеш, үкімет пен президенттің өкілеттіктері конституцияда көрсетілген, сондықтан барлық нормаларды соған сай келтіруге болады.
 

Қырғызстан парламентінде 120 депутат бар. Оның әрқайсысының өз амбициясы бар, оларды қалай басқарып отырсыз?

 

Мен заң шеңберінде олармен ортақ тіл табысуға тырысамын. Сондықтан жаңа шақырылымдағы кез-келген депутатқа жаңа жағдайға үйреніп, парламенттің мәнін сезінгенше, белгілі бір уақыт қажет. Қазір бәрі бір-біріне үйреніп келеді, бір-екі жылдан кейін жұмыс жақсарады. Сондықтан мен оларға үнемі былай деймін: «иә, сайлау кезінде біз әр түрлі партиялардан қатыстық, ал парламент дегеніміз біртұтас құрылым, ол коалициялық көпшілік пен азшылықтан тұрады, бірақ қырғыз халқына, біздің мемлекетімізге қатысты мәселелер қаралғанда, бәрі бір-бірімен ортақ тіл табысуы тиіс».

 

Депутаттардың әдеп сақтауына қатысты не айтасыз?

 

Мен оларды бір-бірін құрметтеуге, намыстарына тиетін сөздер айтпауға шақырамын. Наразылықтары болса, мұны жеке тұлғаның деңгейінде емес, істің мәні бойынша қарастыруға тырыссын. Мен оларға үнемі өзіміздің әрекеттерімізбен, қырғыз халқына үлгі болатынымызды айтып жүремін.

Қалай болғанда да, бұл – ұжым. Қайда болса да, мектепте, ЖОО-да, ұйымдарда, ұжымдарда әрқашан қақтығыстар болып жатады, оларды 100%-ға жоюға болмайтынын түсінесіз ғой. Біз де сөзден сөз шығып, дауласып жатамыз. Бұл ең алдымен, адамның өзіне байланысты. Мұндай нәрселер жалғыз бізде емес, бүкіл әлемде парламенттерде болып жатады. Өркениетті, дамыған елдерде де болып жатады.

 

Экс-бас прокурор ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысына, елдің бірінші вице-премьеріне айып тағып жатқан парламенттегі дауларға қатысты не айтасыз?

 

Парламенттің пікір білдіруге болатын алаңға айналғаны өте жақсы, мен әрқашан осыған үндейтінмін. Далада митингке шығып, мәлімдемелер жасағанның орнына, мен ҮЕҰ мен азаматтық қоғамға даулардың бәрі жогорку кенештің қабырғасында, депутаттардың, жеке фракциялардың қатысуымен шешілуі үшін спикер ретінде алаң беруге дайын екенімді үнемі айтып келемін. Мен мұндай акциялардың біртіндеп даладан парламентке ауысып жатқанына қуанамын.

 

Парламент сайлауының қарсаңында сіз Қазақстанға келіп, Нұрсұлтан Назарбаевпен кездестіңіз. Ол кездесуде қандай мәселелерді талқыладыңыз?

 

Парламент сайлауына дейін Бір Камчыбек Ташиевпен бірге («Ата-Жұрт» партиясының лидерлерінің бірі) Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездестік. Біз басымдықтарды белгілеуді көздедік. Ол бізге сайлауда сәттілік тілеп, батасын берді, осы батасының арқасында «Ата-Жұрт» партиясы парламентке өтті деуге де болады.

 

Сіз Назарбаевты бүкіл Орталық Азияның лидері деп те атадыңыз ғой?

 

Ол шынымен де жалғыз өз мемлекетінің ғана лидері емес. Өзіңіз қараңызшы, Қазақстан Орталық Азиядағы қуатты мемлекеттердің бірі болып отыр, және тек онда ғана емес. Қазақстанның экономикасы ілгері дамыды және бұл Назарбаевтың еңбегі.

 

Анықтама:

Ахматбек Келдібеков 1966 жылдың 15 маусымында Қырғызстанның Ош облысы Алай ауданында туған. 1990 жылы Воронеж политехникалық институтын «инженер-механик» мамандығы бойынша бітірген.

2001- 2002 жылдары қаржы министрінің орынбасары, 2002-2005 жылдары Әлеуметтік қордың басшысы болып қызмет етті. 2005 жылдың наурыз айында депутат – бюджет және қаржы жөніндегі комитеттің төрағасы.

 2008-2009 жылдары – ҚР салық және алымдар жөніндегі мемлекеттік комитетінің басшысы. 2009-2010 жылдары – Қырғызстанның мемлекеттік салық қызметінің төрағасы.

2010 жылдың қазан айында «Ата-Жұрт» демократиялық партиясының тізімі бойынша V шақырылымдағы жогорку кенешке депутат болып сайланды. 2010 жылдың 17 желтоқсанында парламенттің төрағасы болып сайланды.

«Ата-Жұрт» партиясы ҚӘДП, «Республика» партияларымен бірлесіп, парламентте коалиция құрып, үкімет жасақтады. «Ата-Жұрт», ҚӘДП, «Республика» партияларының коалициялық келісіміне сәйкес, олар спикер, премьер-министр және бірінші вице-премьердің портфельдерін өзара бөлісіп отыр. 


adimage