Қытай Қазақстан аумағы арқылы әскерилерін оқу-жаттығуға жіберуде

Астана. 13 тамыз. ҚазТАГ – Қытай Қазақстан аумағы арқылы әскерилерін оқу-жаттығуға жіберуде, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.  
«ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерінің «Бейбіт миссия» бірлескен лаңкестікке қарсы командалық-штабтық оқу-жаттығуына дайындалу шеңберінде Қытай ұлт азаттық әскерінің бөлімшелері ҚР аумағы арқылы теміржол эшелонымен Ресей Федерациясы, Челябі облысының Шұбаркөл полигонына қозғалуды жүзеге асыруда», - делінген дүйсенбіде қорғаныс министрлігінің хабарында.
Ведомствода нақтылағандай, жүру бағыты Достық-Ақтоғай-Аягөз-Ауыл-Локоть маршруты, әрі қарай Ресей Федерациясының аумағы арқылы өтеді.
«ҚХР-дың эшелондарына Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қарауылы еріп жүреді», - деді ҚР ҚМ.
Бұдан бұрын хабарланғандай, «Бейбіт миссия» оқу-жаттығуына ШЫҰ Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан мемлекеттері қарулы күштерінің 3 мыңнан аса әскери қызметшісі және 500-ден аса бірлік қару-жарақ пен әскери техника тартылды. Оқу-жаттығудың ниетіне сәйкес лаңкестердің билікті немесе мемлекеттердің бірінің аумақ бөлігін басып алуы жағдайында қатысушы елдер қарулы күштерінің бірлескен іс-қимылдарын пысықтау қарастырылған. ҚР Қарулы Күштерінің эшелондарын а.ж. 18 тамызда оқу-жаттығудың өткізілу орнына жіберу жоспарлануда.

adimage