Қытайда Қазақстанның консулдық бөлімшелерінің жұмысы шектелді – СІМ

Астана. 12 ақпан. ҚазТАГ – Махамбет Әбжан. Қытайда Қазақстанның консулдық бөлімшелерінің жұмысы шектелді, деп хабарлады ҚР сыртқы істер министрі Мұқтар Тлеуберді.
«Әлбетте, бізде қазір тек консулдық бөлімшелердің жұмыстары ғана шектелген (Қытайдағы – ҚазТАГ). (Қазақстандық дипломаттардың – ҚазТАГ) отбасылары сонда», - деді сәрсенбі күні журналистердің сұрағына мәжіліс кулуарында жауап берген Тлеуберді.
Бұл ретте ол атап өткендей, Қазақстанға оралғылары келген отбасыларға «отандарына қайту қамтамасыз етілген».
Бұған дейін хабарлағандай, 150-ден астам адамды Қытайдан кезекті ұшақпен Алматыға жеткізу жоспарлануда. Кейін ҚР СІМ Қытайда қазақстандықтардың қайсысы қалатынын нақтылады.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, 2019-nCoV коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны 44,6 мыңнан асады, қайтыс болғандар - 1113, 4,7 мыңнан астам адам жазылды.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты.

adimage