Астана. 13 мамыр. ҚазТАГ – Наньчанда (Қытай) байдарка мен каноеде есу спортынан Азия чемпионаты аяқталды. Бұл құрлықтық біріншілікте Қазақстан құрамасы 12 жүлдеге қол жеткізді, деп хабарлады Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитетінің (ҰОК) баспасөз қызметінен.
«Наньчанда (Қытай) байдарка мен каноеде есу спортынан Азия чемпионаты аяқталды. Бұл құрлықтық біріншілікте Қазақстан құрамасы 12 жүлдеге қол жеткізді. Оның төртеуі — алтын», - делінген хабарда.
Айтулы жарысқа еліміздің атынан 26 спортшы қатысты. Азия чемпионатында алғаш болып алтын медаль жеңіп алғандар: Ольга Шмелёва мен Ирина Подойникова (екілік байдарка, 500 метр); Ольга Шмелёва мен Артём Терещенко (екілік байдарка (аралас), 500 метр); Сергей Емельянов пен Руфина Искакова (екілік каное (аралас), 500 метр); Қазақстан әйелдер құрамасы (төрттік байдарка, 500 метр).
Құрлықтық біріншілікте жеңіс тұғырының екінші сатысына көтерілгендер: Бекарыс Раматулла (жекелей байдарка, 500 метр); Виктор Степанов (жекелей каное, 200 метр); Стелла Суханова (жекелей байдарка, 1000 метр); Сергей Емельянов пен Полат Торебеков (екілік каное, 500 метр).
Қола жүлде иегерлері: Ольга Шмелёва (жекелей байдарка, 200 метр); Мария Бровкова (жекелей каное, 500 метр); Қазақстан құрамасы (төрттік байдарка (аралас), 500 метр); Қазақстан құрамасы (төрттік каное (аралас), 500 метр).
Командалық есеп бойынша Қазақстан Қытайдан кейінгі екінші орынға табан тіреді. Үшінші орынға Иран жайғасты.
Қытайдағы Азия чемпионатында қазақстандық ескекшілер 12 медаль иемденді
