Қытайдан келген 123 адам температурасы және жедел респираторлы вирустық инфекциялар белгілері бойынша ауруханаға жатқызылды

Күні: 18:06, 07-02-2020.

Астана. 7 ақпан. ҚазТАГ - Махамбет Әбжан. Қытайдан келген 123 адам температурасы мен жедел респираторлы вирустық инфекцияның белгілерімен ауруханаға жатқызылды, деп мәлімдеді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшарип.
«6 қаңтардан кейін Қытайдан келген біздің және шетелдік азаматтарымыздың мониторингіне келетін болсақ, температурасы және жедел респираторлы вирустық инфекция белгілері бар 123 адам ауруханаға түсті, 92 адам шығарылды, 31-і ауруханаларда қалды. Науқастардың жағдайы қанағаттанарлық», - деді Ахметшарип жұма күні «Қазмедиа» орталығында.
Бір күн бұрын Қазақстанда температурасы мен респираторлы вирустық инфекция белгілері бар 110 адам ауруханаға жатқызылды, олардың ішінде 105 науқас жаңа коронавирустық инфекцияға тексерілді, нәтижелері теріс.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, 2019-nCoV коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны 31 мыңнан асады, қайтыс болғандар - 636, 1,4 мыңнан астам адам жазылды.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда "Қазпошта" Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты.


Жаңалықтармен бөлісу: