ЮНЕСКО сөз бостандығын қорғауды және журналистер қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етуде

Алматы. 4 мамыр. ҚазТАГ – Біріккен Ұлттар ұйымының (БҰҰ) білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымы сөз бостандығын қорғауды және журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етуде, деп хабарлады БҰҰ баспасөз қызметінен.
«Журналистерге қарсы жасалған қылмыстарды жазаламау – бұл кез келген қоғам үшін қауіп, және біз қырағылық танытуымыз керек. Біз ортақ күш-жігерімізбен сөз бостандығын қорғап, журналистер қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек», - деп мәлімдеді ЮНЕСКО бас директоры Одри Азуле.
Оның мәлімдемесі 3 мамырда аталып өтетін Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күніне арналған.
ЮНЕСКО ақпарынша, 1994 жылдан 2018 жыл аралығында әлемде 1307 журналист өлтірілген, оның 99-ы 2018 жылы өлтірілген.
«Бүкіл әлемде азаматтардың қоғам өміріне араласу мүмкіндігі қорқынышты қарқынмен қысқаруда. Жағымсыз, бұқаралық ақпарат құралдарына қарсы бағытталған риторика күшеюде, және журналистер, оның ішінде әйелдер зорлық-зомбылық пен аңдуларға жиі тап болуда», - деді БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш.
Хабарда атап өтілгендей, Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күнінде журналистика және жалған ақпарат дәуіріндегі сайлау тақырыбы бүкіл әлемде түрлі шараларда талқыланып жатыр. Солардың бірі Ресейдің бастамасымен БҰҰ штаб-пәтерінде өтті.
БҰҰ хабарлағандай, пікір-талас барысында ресейлік СІМ ақпарат және баспасөз департаментінің басшысы Мария Захарова журналистік ортада қарама-қайшылықтар мен қарсыласулар тереңдей түсуде екеніне назар аудартты.
«Мұның барлығы сенімді жоғалту, агрессиялық риториканың өршуі және тереңінен бөлініп кеткен әлемге қайта оралу секілді жағымсыз салдарға алып келеді», - деген Захарова.
ЮНЕСКО бас директоры Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күніне арнаған мәлімдемесінде қоғамның журналистерге сенімінің азайып бара жатқанын атап өтті.
«Баспасөз бен журналистік қызметке деген сенімсіздік артқан дәуірде олардың заңдылығына күмән келтірілуде, пікірлер бостандығына кепілдік беру мен тексерілген деректерге негізделген идеялар және ақпаратпен еркін алмасу аса маңызды», - деді Азуле.
Мемлекеттің есеп берушілік ісінде баспасөз бостандығының маңыздылығына БҰҰ бас хатшысы да меңзеді.
«Баспасөз бостандығынсыз әділ және бейтарап институттар құру, көшбасылардың есеп берушілігіне қол жеткізу және шындықты билікке жеткізу мүмкін емес», - деп атап өтті Гутерриш.

adimage