Қызылорда облысында дәрі-дәрмек бағалары көтерілмейді, деп сендірді әкімшіліктен

Қызылорда. 25 тамыз. ҚазТАГ – Қызылордада облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен азық-түлік және азық-түлік емес тауарлардың нарықтағы бағаларын тұрақтандыру жөніндегі өңірлік штаб отырысы өтті, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
«Штаб отырысында дәрі-дәрмектер бағасын реттеу мәселесі де қарастырылды», - делінген әкімшілік сайтында жарияланған хабарда.
Іс-қимыл жоспар бойынша атқарылатын жұмыстарды облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов баяндап берді. Негізгі мақсат нарықтағы бағаны бақылауда ұстау, мобильді топтың жұмысын үйлестіру, бекітілген кесте бойынша жұмыс жасау.
Еске салсақ, штаб мүшелері азық-түліктің әлеуметтік маңызды деген 33 түрінің бағасын бақылауда ұстауда. Қырыққабат, қызылшада сәл өсім бар. Облыс әкімінің орынбасары С.Қожаниязов бұл мәселені шешу бағытында жұмыс жасалып жатқандығын жеткізді.
«Облыстағы жағдай бірқалыпты. Бірақ қол қусырып отыруға болмайды. Кейбір сауда орындарында қантты шектеулі мөлшерде ғана сатып жатыр деген ақпарат бар. Мұндай келеңсіздіктер орын алмауы тиіс. Бақылауды күшейтіңіздер», - деп қатаң тапсырды облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Сондайақ штаб отырысында дәрі-дәрмектер бағасын реттеу мәселесі де қарастырылды.
Қазіргі таңда елімізде 7300-ден астам дәрі-дәрмек бар. Мемлекет соның 850-нің бағасын реттеп отырады. Яғни, өмірліқ маңызы бар дәрілердің бағасын белгілейді. Облыс бойынша медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаментінің басшысы Шәкизада Исағалиева дәрілердің бұл түрінің бағасы қымбаттамайтындығын жеткізді. Оның айтуынша, осы дәрі-дәрмектер бағасы көтерілмейді.
Кезекті штаб отырысын қорытындылаған аймақ басшысы күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қала, аудан әкімдері мен басқарма басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.

adimage