Қызылорда облысында орыстілді жастар арасында қазақ тілін білуден конкурс өткізілді

Күні: 11:41, 12-11-2014.

Қызылорда. 12 қараша. ҚазТАГ – Қызылорда облысында орыстілді жастар арасында қазақ тілін білуден «Тіл – халық жанын танудың кілті» атты конкурс өткізілді, деп хабарлайды облыстық тілдерді дамыту басқармасының баспасөз қызметі.
«Конкурс мемлекеттік тілді жетік білетін орыс жастарының өкілдерін анықтау және ынталандыру, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің нышаны мен белгісі ретінде тілге деген сыйлы қарым-қатынасты қалыптастыру, тіл мәдениеті мен мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру мақсатында өткізілді», - делінген сәрсенбідегі хабарда.
Конкурсқа 14 пен 22 жас аралығындағы орыс ұлтының мемлекеттік тілді жетік білетін 11 жас өкілі қатысты. Оның қорытындысы бойынша І орынды Қазалы аудандық №103 мектептің 10 сынып оқушысы Набира Баркова иеленді, ІІ орынды – Арал аудандық №81 мектептің 8 сынып оқушысы Надежда Невзорова, ІІІ орынды – Сырдария аудандық №36 мектеп-лицей оқушысы Мария Лаврова.
Сондай-ақ конкурс жеңімпазының 2014 жылдың желтоқсанында өтетін республикалық турнирге қатысатыны хабарланған.


Жаңалықтармен бөлісу: