Қызылорда облысындағы Тоқпан көлінде 6 тоннадан астам балық қырылды

Күні: 11:51, 06-09-2019.

Астана. 6 қыркүйек. ҚазТАГ - Қызылорда облысындағы Тоқпан көлінде 6 тоннадан астам балық қырылды, деп хабарлады ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметінен.
«4 қыркүйекте «Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы» РМҚ WhatsApp мессенджері арқылы Тоқпан көлінде балықтардың өлгені туралы ақпарат алды. 4-5 қыркүйекте комиссия құрамына Қамыстыбас ауылдық округі әкімдігі, «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Арал филиалы, «Қазгидромет» РМК филиалы, Өңірлік денсаулық сақтау ұйымы, Арал ауданының ветеринарлық қызметі, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану, жұмылдыру бөлімі,  Қызылорда облысының төтенше жағдайлар, экология департаменттері кірген  инспекция қызметкерлері көлге барды. Су қоймасының жағалауы зерттелді. Өлген балық мөлшері 6,4 тоннаны құрады.
Түрлердің құрамы: ақтабан шабақтары - 96% -ы, қалғаны – торта балық, қылышбалық, сазан,  көксерке балықтардың шабақтары», - делінген жұмада таратылған хабарда.
Мекемеде экология, ветеринарлық қызмет, «Қазгидромет» РМК және «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының» Арал филиалының қызметкерлері зертханалық зерттеулер мен санитарлық-химиялық талдаулар жүргізу үшін су және бұзылған балық үлгілерін алып кеткенін атап өтті.
«Қазіргі уақытта өлі балықтарды жинау және жою жұмыстары жүргізілуде. Балықтардың өлу себептері туралы ақпарат зертханалық зерттеулердің нәтижелері ұсынылғаннан кейін қосымша хабарланады », - деп түсіндірді министрліктен.
Тоқпан көлі Қызылорда облысының Арал ауданындағы Қамыстыбас көлінің солтүстік-батыс бағытында орналасқан, жергілікті маңызы бар балық өсіру су қоймаларының тізіміне енбейді, негізгі балық түрлері - ақтабан.


Жаңалықтармен бөлісу: