Қызылорда облысындағы әйнек зауыты 2017 жылдың І жартыжылдығында іске қосылады

Қызылорда. 5 қыркүйек. ҚазТАГ – Қызылорда облысындағы әйнек зауыты 2017 жылдың І жартыжылдығында іске қосылады, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп біз жаңа зауыттың құрылысын бастадық. Бұл өнімі жоғары экспорттық әлеуетке ие индустриялы-инновациялық жоба. Холдингтің шақыртуы бойынша мұнда жұмысқа АҚШ, Германия, Италия, Финляндиядан ең беделді деген компаниялар келді. Біз өз мойнымызға инженерлік коммуникацияларды келтіруді алып отырмыз, қарқынды жұмыс жүруде. Бұдан басқа, облыс әкімдігі жергілікті кадрларды оқытумен айналысады. Зауыт 2017 жылдың І жартыжылдығында іске қосылады», - деп хабарлады облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаевтың Қызылордаға жұмыс сапары кезінде.
Холдинг басшысының Қызылордадағы әйнек зауытының құрылысымен танысып, дайын өнімді сатудың ықтимал нарықтары туралы айтқаны хабарланады.
«Құрылыс 2 ай бұрын басталған, қазір бұнда 100-ге жуық жұмысшы мен 20 арнайы техника бірлігі еңбек етіп жатыр. Қойма ғимараттарының іргетас құрылысы жүруде, құрылғыға тапсырыс берілген. Жеткізушілер – Америка, Германия, Италия, Финляндиядан келген ең белді компаниялар. Серіктес Stewart Engineers компаниясы энерготиімді әйнек өндірісінің технологиясын жөнге салады. Барлық қажетті шикізат Қазақстанның өзінде өндіріледі», - деді ол.
Оның айтуынша, дайын өнімді сататын нарықтар пысықталуда. Мысалы, бүгінгі таңда BI Group-пен, Қазақстан құрылыскерлер қауымдастығымен, сондай-ақ «Дана» фирмасымен өнім жеткізуге келісім-шарттар жасалған. Бұдан басқа, ішкі нарықтарда сатып алушылар іздеу жүруде. Сарапшылардың бағалауынша, өнім сатудың негізгі нарықтары бұл – Ресей Федерациясының Сібір өңірі, Орта Азия (Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Тәжікстан), Ауғанстан, Үндістан.
Сонымен қатар жарты жыл ішінде зауыттың іске қосылуына дейін қазақстандық мамандардың АҚШ-дағы әйнек кәсіпорындарында тағылымдамадан өткені хабарланады.
Әкімдіктен еске салғандай, OrdaGlass әйнек зауытының өндірістік қуаттылығы жылына 197,1 мың тоннаны немесе тәулігіне 600 тонна әйнекті құрайды. Жобаның құны – Т42,07 млрд. Жобаның жоспарлы өтімділік мерзімі – 11 жыл. Жобаны жүзеге асыру 300 тұрақты, құрылыс кезінде 200 жұмыс орнын құрады. Шығарылатын өнімнің 70%-ын ішкі нарыққа шығару көзделуде, 30%-ын – экспортқа.

adimage