Қызылорда облысының 260 тұрғыны өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін Конституция күніне арналған медальмен марапатталды

Қызылорда. 26 тамыз. ҚазТАГ – Қызылорда облысының 260 тұрғыны өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін  Конституция күніне арналған медальмен марапатталды, деп хабарлады облыс әкімінң баспасөз қызметінен.
«20 жылдың ішінде біздің Ата заңымыз тәуелсіз еліміздің тез есейіп, бұғанасы қатпаған балаң күйден өз жолы бар, берекелі Ел дәрежесіне дейін жедел жетілуіне жағдай жасады. Өйткені негізгі заң дүние жүзінің ең озық заңнамалық тәжірибесін қорытып, еліміздің ұзақ мерзімді мақсаттарын ескере отырып жасақталды. Ең бастысы Ата заң далалық дәстүр мен халқымыздың ежелгі өркениетінің шеберханасында шыңдалып, бір кездегі билер институты, Жеті Жарғы секілді ұлттық дәстүр мен әдеттің рухын бойына сіңірді. Сондықтан да, Қазақстан Конституциясы әлемнің тәжірибесі және төл мәдениетіміз мен әдебімізге арқа сүйейтін заман талабына сай құжат екенін ешкім жоққа шығара алмайды», - деді құттықтау сөзінде облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Әкімшілік сайтында жарияланған хабарда айтылғандай, Конституция - біздің барлық құқықтық мәдениетіміздің қайнар көзі. Бүкіл Қазақстан халқының қатысуымен талқыланып, қабылданған Конституция өзінің гуманистік ізгілігімен, демократиялық сипатымен және тәуелсіз мемлекетімізді нығайтудағы пәрменділігімен ерекшеленеді.
Салтанатты шарада облыстың дамуына айрықша үлес қосып жүрген облыстың 260 азаматы «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды.
Атап айтқанда облыс әкімі облыстық мәслихат хатшысы Ақмарал Әльназароваға, облыстық ардагерлер төрағасы Сейілбек Шаухамановқа,  «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының төраға орынбасары Роза Бохановаға, Еңбек Ері Абзал Ералиевке, сондай-ақ облыстық кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкерлерін марапаттады.

adimage