Қызылорда облысының әкімі банкирлерді шағын бизнесті несиелендіруді қарқынмен жүргізуге шақырды

Күні: 20:00, 01-10-2014.

Қызылорда. 1 қазан. ҚазТАГ – Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев банкирлерді шағын бизнесті несиелендіруді қарқынмен жүргізуге шақырды, деп мәлім етті облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
Облыс әкімі Қ. Көшербаевтың төрағалығымен Қызылорда облыстық кәсіпкерлер кеңесінің кезекті отырысы 1 қазанда өтті.
«Отырысты аша отырып, облыс әкімі бірқатар цифрларды келтірді. Ондағы мәліметтер бойынша біздің облысымыз екінші деңгейдегі банктердің несие бөлуі жағынан ең соңғы орында. Әкім банкирлерді шағын бизнесті несиелендіруді жандандыруға шақырды», - делінген сәрсенбі күні таратылған хабарда.
Сондай-ақ облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының жетекшісі Тельман Сүлейменов несиелендірудің көрсеткішінің төмендігін талдады. Оның айтуынша, кәсіпкерлер көбіне өтінішті қарау мерзімінің тым ұзақтығына және кепілге қойылатын мүлікке деген талаптың қатаңдығына шағымданады. Одан басқа, банктер көбіне өздері жасамаған мүлікті бағалау актілерін қабылдамайды, және күн сайынғы кіріс пен шығыс есебін талап етіп отырады.
Отырысты қорытындылай келе облыс әкімі банк басшыларынан өз ісін енді бастағысы келетіндерге несиелендіруді оңтайландыруға шақырды.
«Клиенттер сіздер үшін емес, сіздер клиенттер үшін екендеріңізді ұмытпаңыздар. Тұрақты клиенттік базаны жасай отырып, оларды өздеріңіз бағып-баптап, өсірулеріңіз керек. Бұдан былай біз мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдардың депозиттері мен ағымдағы шоттарын шағын және орта бизнесті дамытуда мемлекетпен белсенді ынтымақтасып жүрген банктерге орналастыру туралы ұсыныс енгізетін боламыз», - деді Қ. Көшербаев.  


Жаңалықтармен бөлісу: