Қызылордада 18 қыркүйек күні Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарлануда

Астана. 11 қыркүйек. ҚазТАГ – Қызылордада 18 қыркүйек күні халықаралық ғалымдар мен тарихшылардың қатысуымен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарлануда, деп хабарлайды ҚазТАГ тілшісі.
«Қазақ хандығының 550 жылдығы бойынша бізде 18 қыркүйек күні Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде Еуразия ұлттық университетінің, халықаралық университеттердің көшбасшы тарихшыларды шақырып ғылыми-практикалық конференция өткізу де жоспарлануда. Ғалымдар, тарихшылар Қазақ хандығының қалыптасуы туралы айтатын болады», - деді Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жазира Жылқышиева жұма күні ҚазТАГ агенттігіне.
Бұдан өзге, оның айтуынша, жылдың соңына дейін облыстың барлық аудандарында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған дәл осындай шаралар өткізу көзделіп отыр.
«Сондай-ақ біздің облыста ғылыми, шығармашылық зиялы қауымның өкілдері Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған медальдармен марапатталмақ. 50 алқа табыс етілетін болады», - деп атап өтті Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының жетекшісі.

adimage