Қызылордада банк қызметкерлері мен бизнес-клиенттерден тұратын ҰҚТ әрекетінің жолы кесілді

Күні: 12:06, 29-10-2014.

Алматы. 29 қазан. ҚазТАГ – Қызылордалық полицейлер қаржылық алаяқтықпен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтады, деп хабарлады Қызылорда облыстық ІІД баспасөз қызметінен.
«Облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері Қызылорда облысында орналасқан екінші деңгейлі банктің бірінде банк қызметкерлерінің 2013 жылдан бері облыс төңірегінде тұратын 260 жеке тұлғаға кепілдемесіз несиелерді заңсыз рәсімдеп келгендігін анықтады», - делінген облыстық ІІД баспасөз қызметі таратқан хабарда.
Хабарда атап көрсетілгендей, соның салдарынан банкке жалпы 727 миллион 190 мың 803 теңге көлеміндегі мүліктік залал келтірілгені дәлелденді.
Аталған дерек бойынша Қызылорда ОІІД Тергеу басқармасымен 2014 жылдың 2 қаңтарында қылмыстық іс қозғалып, тергеушілер мен прокурорлардан жасақталған жедел тергеу тобы құрылды. Тергеу амалдары барысында күдікті азамат өз қызмет бабын пайдалана отырып, ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, құрамына өзі жетекшілік ететін филиалының бөлшектік бизнес саласы қызметкерлері мен жеңіл табыс табуға бейім тұлғаларды тартқандығы анықталған. Ұйымдасқан топтың қылмыстық жоспарына сай, несие беруге жатпайтын тұлғалардың құжаттарын кедергісіз рәсімдеп, несие берілуін қамтамасыз етіп отырған. Топтың құрамына бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған тұлғалар мен еш жерде жұмыс жасамайтын, несие алып беру саласы бойынша алаяқтық үшін сотталған таныстарын тарта отырып, тұрақты табыс көзі жоқ, несие беру талаптарына сәйкес келмейтін адамдарды іздеп тауып отырған. Олардың зейнетақы қорларына ақша салу арқылы несие алу құқын беретін жалған құжаттар дайындап, зейнетақы қорына салынған ақша мен алынған несиенің 20 пайызын «банк қызметі үшін» төленетін ақы деп алдап алып, қылмыстық топ мүшелері арасында теңдей бөлініп алынған.
Қазіргі таңда қылмыстық топтың ұйымдастырушысына қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 235-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалса, топтың өзге 14 мүшесіне қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 235-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалған. Іс заңды шешім қабылдану үшін облыстық сотқа жолданып, қаралуда.


Жаңалықтармен бөлісу: