Қызылордада «Ұлт құндылығы - руханият» тақырыбындағы облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Қызылорда. 27 қазан. ҚазТАГ - Қызылордада Қазақ хандығының 550  жылдығына арналған мерекелік шаралар аясында «Ұлт құндылығы - руханият» тақырыбындағы облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлады облыстық ішкі саясат басқармасынан.
Хабарда атап көрсетілгендей, республикалық ақпараттық насихат топ мүшелері мен аймақ тұрғындарын кездестіру, дәстүрлі діни-құндылықтарға байланысты түсініктеме беру мақсатында облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған «Ұлт құндылығы - руханият» тақырыбындағы облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өз мәресіне жетті.
    Конференцияға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Абзалбек бастаған республикалық-ақпараттық үгіт тобының мүшелері, Дін істері комитетінің дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау Орталығының ғылыми қызметкері Марлен Муслимов, Алматы қаласы, «Медеу» ықшам ауданы «Аманқұл ата» мешітінің бас имамы Тілепберген Жакипов шақырылды.
    Жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері, ардагерлер, жоғары оқу орындарының ғалымдары мен оқытушылары, орта оқу орындарының мұғалімдері, үкіметтік емес ұйымдар мен діни бірлестік жетекшілері, белсенді жастар, сондай-ақ, орта мектептердің «Дінтану негіздері» пәнінің оқытушылары мен БАҚ өкілдері қатысқан конференция жұмысын облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы ашып, жүргізіп отырды.
    Облыс имамдары арасында «Қазақ мемлекеттігінің қалыптасуындағы исламның рөлі» тақырыбында шығармашылық байқау өткізілген болатын. Конференция барысында шығармашылық байқау жеңімпаздары марапатталды.

adimage