Қызылордада мемлекеттік тілді дәріптеуге бағытталған іс-шара өтті

Қызылорда. 28 қазан. ҚазТАГ – Қызылордада Қазақ хандығының 550 жыл мерейтойы шараларының аясында Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада мемлекеттік тілді дәріптеуге бағытталған «Тіл - ұлт байлығы, мемлекет тірегі» тақырыбында іс-шара өтті, деп хабарлады облыстық ішкі саясат басқармасынан.
Хабарда айтылғандай, облыстық ішкі саясат басқармасы мен азаматтық альянс және халықаралық «Қазақ тілі қоғамының аймақтық бөлімі» ұйымдастырған жиын жұртшылықтың, әсіресе жастардың ана тіліне деген құрмет сезімін арттыру, намысын одан әрі қамшылауға арналды.
Тіл -ұлттың жаны, тіл- ұлттық қаны. Қазақ тілі - ұлтымыздың келешегі. Сондықтан оны көздің қарашығындай сақтау - оны дамыту және қолдану аясын кеңейтуге үлес қосу - әрбір қазақстандықтардың төл міндеті. Өйткені, мемлекеттің басты тілі - қазақ тілі. Бұл іске соңғы жылдары Халықаралық «қазақ тілі қоғамының» облыстық филиалы ерекше серпін беріп келеді. Арнайы газет шығарып, көшелерге бильбордтар іліп, көптеген шаралардың ұйтқысы болуда.
Әлемде 6 мыңға жуық тіл болса олардың ана тілінде сөйлейтіндерінің саны мыңнан аспайды екен. Сондай-ақ, әрбір 10 жылда 250 тіл жоғалатын көрінеді. Ал ресми мәліметтерге сүйенсек қазақстандықтардың 40 пайызы ғана мемлекеттік тілде сөйлеп, жаза біледі. Тәуелсіздің алғалы бергі ахуалымыз осылай болса, елбасы қойған 2025 жылға дейінгі 100 пайыз мемлекеттік тілді білу міндетін енді 10 жылда қалай орындар екенбіз. Өйткені, мемлекеттік тілде сөйлеу жағы халқының түгелдей дерлігі жергілікті ұлттан тұратын алаштың алғашқы астанасы-қызылорда да оңып тұрған жоқ. Кейбір мемлекттік қызметкерлер ана тілінен көрі орыс тілінде сөйлеуге жүйрік.
Мемлекеттік тілге арналған осы жиында қазақ ауыз әдебиетінің інжу-маржандары - мақал- мәтелдер, ақын жазушылардың жырлары, қанатты сөздері оқылды. Сондай-ақ, жастар ана тіл туралы ән-жырдан шашу шашты.

adimage