Қызылордадағы ІV инвестфорумда 300-ден астам адам қатысады

Күні: 17:37, 27-10-2014.

Қызылорда. 27 қазан. ҚазТАГ – 29-30 қазан күндері Қызылорда облысында инвестициялық форум өтеді, деп хабарлады Қызылорда облыстық әкімшілік баспасөз қызметінен.
«29-30 қазан күндері Қызылорда облысында "Байқоңыр" атты ІV инвестициялық форум өтеді. Оған 300-ден астам мейман келеді деп күтілуде. Оның 60-тан астамы АҚШ, Түркия, Ресей, Нидерланды, Чехия, Польша, Малазия, БАӘ, Беларуссия, Тәжікстан, Жапония және Өзбекстанның инвесторлары мен бизнес өкілдері», - делінген дүйсенбі күнгі әкімшлік хабарында.
Жалпы, бұл форум жарты жыл сайын өткізіліп келеді. Осыған дейін, 38 меморандумға қол қойылды. Басты жетістік Қызылордада шыны зауытының салынатындығы. Инвестор ретінде ирандық «Kaveh Glass Industry» компаниясы белгіленді. Жоба құны 52 млрд. 100 млн. теңге. Зауыттың жылдық қуаттылығы 197 100 тонна болмақ. Шығарылған өнімнің 30 пайызы шет елге экспортталатын болады.
Осы форум аясындағы келіссөздердің нәтижесінде қызылордалық 82 түлек Мәскеуде, 25-і Санкт-Петербургтың маңдайалды оқу орындарында білім алуда.
Еуропалық қайта құру және даму банкімен қол қойылған меморандум нәтижесінде көгілдір таза отынмен жүретін 20 жаңа автобус әкелінді. Алда  дәл осындай 100 автобус келеді. Сондай-ақ, «Жанрос Дриллинг» ЖШС, «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК банкпен тығыз байланыста жұмыс жасауда. Бұл бұған дейінгі өткен форумның нәтижесі.
Ал, бұл жолғы форум аясында қонақтар «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз-У» зымыран тасығышының ұшырылуын тамашалай алады.
Екі күнге созылатын инвестициялық форум аясында 11 меморандумға қол қойылады деп күтілуде.


Жаңалықтармен бөлісу: