Қызылордадағы тікұшақ апаты: қаза болған әскерилердің отбасыларының әрқайсысына Т1 млн бөлінеді

Күні: 10:58, 29-03-2019.

Ақтау, 29 наурыз. ҚазТАГ – Маңғыстау облысының әкімдігі Қызылорда облысында апатқа ұшыраған Ми-8 тікұшағында қаза болған әскерилердің отбасыларының әрқайсысына Т1 млн бөледі, деп хабарлады агенттік тілшісі.
Орталық коммуникация өңірлік қызметінің ақпарына сәйкес қаза болған 13 адамның 12-сі Ақтау горнизоны №30153 авиациялық бөлімнің әскери қызметкерлері болған.
«Олар қазақстандықтардың тыныштығы мен бейбіт өмірін қорғай отырып, өздерінің қызметтік борыштарын ерлікпен және адал атқарған. Біз марқұмдардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Менің тапсырмам бойынша Маңғыстау облысы әкімдігінің атынан марқұмдардың отбасыларына бір миллион теңгеден материалдық көмек көрсетілетін болады», - деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов бейсенбіде.
Еске салсақ, бұған дейін белгілі болғандай, сағат 17.35-те «112» тетігіне Қызылорда облысы Жалағаш ауданында ҚР ҚК ӘҚК ӘӘК МИ-8 тікұшағының апатқа ұшырағаны туралы хабар келіп түсті. Тікұшақ белгісіз жағдайларға байланысты құлап, толығымен жанып кеткен. Тікұшақ бортында 13 экипаж мүшесі болған, олардың барлығының қайтыс болғаны жеткізілді.
Қорғаныс министрлігінде нақтыланғандай, аталмыш тікұшақ 4 бірдей әскери тікұшақ құрамынан тұратын бөліммен бірге Ақтау қаласынан Шымкентке ұшып бара жатқан. Ұшу сапары арнайы бөлімшелердің «Алтын жебе» кешенді оқу және жаттығу аясында қараңғыда әрі күрделі метеорологиялық жағдайда жүргізілген.
Ведомствода атап өткендей, Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың бұйрығымен апат орнына арнайы құрылған ҚР Қорғаныс министрлігінің комиссиясы жіберілді. Қорғаныс министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, болған әуе апатының себебін анықтау мақсатында тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жағдайға президент Қасым-Жомарт Тоқаев түсінік берді. Ол марқұмдардың туыстарына материалдық көмек көрсетуге уәде берді
28 наурызда белгілі болғандай, Қызылорда облысында әскери тікұшақтың апатқа ұшырауы ҚР бас прокуратурасының бақылауымен тексерілуде. Бүгін қорғаныс министрлігі қаза болған 13 әскери қызметшінің тізімін жария етті.


Жаңалықтармен бөлісу: