Қызылордадағы жәрмеңкеде жалпы сомасы 406,1 миллион теңгенің өнімі сатылды

Қызылорда. 5 қазан. ҚазТАГ – Қызылордада «Алтын күз-2015» жәрмеңкесінде  жалпы сомасы 406,1 миллион теңгенің өнімі сатылды, деп хабарлады Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен.  

«Қызылордада «Алтын күз-2015» мерекесіне орай ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті. Барлық аудан мен қала маңындағы шаруа қожалықтарынан 522 көлікпен 1690 тонна өнім әкелінді. Жалпы соммасы 406,1 миллион теңгені құрайды», - делінген дүйсенбідегі әкімдік хабарында.  

Хабарда айтылғандай, ауыл шаруашылық дақылдары нарық бағасынан 15-20 пайыз арзан сатылды. Бір ерекшелігі бұл жолғы жәрмеңкеде ұлттық сусындар молынан болды. Сондай-ақ, картоп, жуа, сәбіз секілді дақылдарды тұрғындар таласа-тармаса алды. Өйткені, бағасы қалтаға қонымды. 50-60 теңгенің шамасында саудаланды.

Жәрмеңкелер облыс орталығының 9 мөлтек ауданында өтті. Аймақ басшысы Қ.Көшербаев барлық жәрмеңкені аралап, тұрғындармен тілдесті.

Сыр дихандары биылғы жылы күріштің әр гектарынан 50,5 центнер өнім жинап, ел қамбасына 423 мың тоннадан астам астық құйды. Бұл ел тәуелсіздігі кезеңіндегі рекордтық көрсеткіш соңғы 3 жыл бойы қатарынан қайталанып отыр.

«Аймақта егін шаруашылығымен бірге мал, балық шаруашылығын дамыту барысында да табыстар көп. Бұл салаларды әрі қарай дамыту мақсатында Жаңақорған ауданында бірінші рет малшылар слеті және Арал ауданында бірінші рет балықшылар слеті өтті. Айта кетейік, биыл облыста қуаты жылына 7 мың тонна тоқты етін өңдейтін ет комбинатын және ірі мал бордақылау алаңдарын салу жұмыстары қолға алынды», - деп толықтырды баспасөз қызметінде.

adimage