Қызылордада қымыз бен шұбат фестивалі өтті

Қызылорда. 19 қыркүйек. ҚазТАГ - Қызылордада қала күнін мерекелеу «Шұбат-қымыз» фестивалімен басталды, деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен.  

«Төрт түліктің төресі түйе мен Қамбар атаның сусындары түрлі дертке дауа екендігін ата-бабамыз әлдеқашан дәлелдеген. Сол сара жолды жалғап, бүгін қала күні мерекесін ақтан дәм татып бастап отырмыз. Мерейлі мереке құтты болсын», - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.  

Фестивальге қатысушылардың барлығына шұбат пен қымыз тегін таратылды,  барлығы 2 мың литр шұбат, 1500 литр қымыз және сүт өнімдерінен жасалған құрт, ірімшік әкелінген.  Хабарда айтылғандай, қымыз бен шұбатты жастар арасында өте танымал бірақ денсаулыққа зиян кока-кола және спрайт секілді газдалған сусындардың орнына пайдалану ұсынылуда.  

Сондай-ақ, қазақы нақышта дайындалған қолөнер бұйымдары да көрме төрінен орын алды. Аймақ басшысы көрмені аралап шығып, ұлттық сусыннан дәм татты. Мерекелік шарада қала жастары «Қара жорға» биін билесе, ата-әжелер ұлттық дәстүрлерді көрсетті.

Фестиваль ұлттық ойындармен жалғасты. Балуандар белдесі, асық ату, гір көтеру, қол күресте мықтылар анықталды.

Жалпы, қала күні мерекесі биыл кең көлемде аталап өтіледі. Қауын-қарбыз, кондитерлік өнімдер және балалар шығармашылығы фестивалі, жас ақындар мүшайрасы, ауыл шаруашылық жәрмеңкесі, спорттық сайыстар ұйымдастырылып, әлеуметтік нысандар пайдалануға беріледі. Қала күні эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін гала-концертпен қорытындыланады.


adimage