Қызылордада жаңа су қоймасын салу жоспарлануда

Қызылорда. 25 қараша. ҚазТАГ – Қызылордада жаңа су қоймасын салу жоспарлануда, деп хабарлады ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Қараөзек ауылында тағы бір жаңа су қоймасы салынады. Жобалық сметалық құжат биыл сараптамаға беріледі. Келер жылы қаржы мәселесі шешілуі тиіс. Бұл жоба суды алқаптарға жеткізу жұмыстарын жақсартуға көмектеседі», - деп атап өтті сәрсенбі күні Қызылорда облысы бойынша «Қазсушар» РМК филиалының директоры Хамит Биімбетов.
Ол Қызылорда су торабындағы жөндеу жұмыстары туралы да айтты.
«Қызылорда су торабын жөндеуге 2020 жылға 481 млн теңге, 2021 жылға 1 млрд 420 мың теңге, 2022 жылға 709 млн теңге қарастырылған. Сол жақ магистраль каналында бетон жұмыстары жүргізілуде. 2022 жылы барлық жұмыс бітуі тиіс. Аталған су торабы 1956 жылы пайдалануға берілсе, бұған дейін кешенді жөндеуден өтпеген еді. Бұдан бөлек Айтек, Жиделі су қоймалары жөнделуде. Олардың жұмысы 2020 жылдың соңына дейін аяқталады. Жиделі желтоқсанның басында іске қосылады», - деді филиал басшысы.
Биімбетов биыл вегетациялық кезең басында Көксарай контррегуляторына 3 млрд-тың орнына 2 млрд текше метр су жиналып, 1 млрд текше метр жетпей дихандар аздап қиналғанын атап өтті.
«Бірақ әкімдік күріш егу мекемелерімен бірге 300 км ішкі каналдарды тазалады. Біз 61 км магистральді каналдарды тазаладық. 90 мың гектар күріш егілсе, соның бәріне кезекпен бекітілген кесте бойынша үлестіре отырып, су жеткізе алдық», - деп атап өтті Биімбетов.
Хабарда нақтыланғандай, Қызылорда облысындағы биылғы вегетациялық кезеңде барлық күріш алқаптары суармалы сумен қамтылды.

adimage