Қызылордада жылудың тарифін қайта қарайды

Қызылорда. 18 қыркүйек. ҚазТАГ – Қызылордалықтар, мүмкін,  осы маусымнан бастап жылумен қамтуға сәл көптеу төлейтін шығар, деп хабарлады ҚазТАГ тілшісі.  

«2013 жылдан бастап бізде гигакалория үшін 2755 теңге тарифі қолданыста. 2013 жылдан бастап отын – табиғи газ үш рет қымбаттады. Соның салдарынан қазір біздің кәсіпорын шығынға батып жатыр, себебі біз әлі күнге дейін ескі тарифті қолданып жүрміз. Сондықтан жылу энергиясына тарифті өсіретін кез келді. Біз табиғи монополияларды реттеу комитетіне өтінім бердік, не болғанда да соңғы сөз соларда», - деп түсіндірді «Қызылорда жылуэлектрорталығы» МҚК директоры Асқар Бекмағамбетов жылумен қамту нысандарына жасаған баспасөз туры барысында.  

Қызылордада коммуналдық қызмет тарифінің, атап айтсақ жылуға өсетіні туралы, облыстық мәслихат сессиясында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев айтқан болатын.  

«Оның өсуінің басты себебі – коммуналдық кәсіпорындар құрылғыларының тозығы жетуі, оларға ондаған жылдар бойы күрделі жөндеу жүргізілген жоқ. Ал енді сондай жөндеу жұмыстары мен оны қайта қалпына келтіруге біраз қаржы бөлетін кез жетті», - деп түсіндірді әкім.

Тарифтің төмен болуы жылу желісін қалыпты жағдайда ұстауға мүмкіндік бермейді, олар жылдан жылға тозып барады, себебі ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге де қаржы жоқ, деп түсіндірді әкімдікте.  

Бұл ретте Қызылорда облысында жылу маусымына дайындық жұмыстары кесте бойынша жүріп жатыр. Облыс орталығын жылумен қамту бойынша ешқандай мәселе туындамайды.  

«Барлығы облыста қысқа дайындау қажет 1041 әлеуметтік нысан бар, және жоспарланған жөндеу жұмыстары да аяқталды. Қазандықтарға да қажетті жөндеу жұмыстары жасалды», - деді облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ержан Қыпшақбаев.  

Жылу тарифіне қатысты қоғамдық тыңдаулар өткізу қыркүйектің соңғы онкүндігіне жоспарланған.  

adimage