Зәкиеваның «Салтанат заңына» қарсы петицияға пікірі, Қазақстанның интернеті Ресейден алда және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 18 маусым. ҚазТАГ – Зәкиеваның «Салтанат заңына» қарсы петицияға пікірі, Қазақстанның интернеті Ресейден алда және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

«Малдағы чип ұрлықты ашуға көмектесті»

Абай облысында ұрланған мал етін сатпақ болғандардың қылмысы әшкере болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өңірдегі полицейлер Қалбатау – Семей тас жолында автокөліктерді тексеру барысында Жарма ауданының тұрғындары ұрланған жылқы етін тасымалдамақ болғанын анықтады. Олардың заңсыз әрекеті малға орнатылған чип арқылы белгілі болды.

Малдағы цифрлық чиптеу тергеу аясында ет өнімдерінің иесін анықтауға көмектесті.
Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олар өңір тұрғындарына тиесілі 26 жылқыны ұрлады деген күдікке ілікті.

«Жүргізушілерді медтексеруден өткізудің автоматтандырылған жүйесі іске қосылды»

Елімізде автобус жүргізушілерін рейс алдында медициналық тексеруден өткізудің автоматтандырылған жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды Baq.kz.

Бұл жүйе қан қысымын, жүректің соғу жиілігін, температураны өлшеу үрдісін автоматтандыруға бағытталып, қоғамдық көлікті есірткілік немесе алкогольдік мас күйінде басқарудың алдын алады.

Бүгінгі таңда жеке инвестициялар есебінен сатып алынған автоматтандырылған жүйе Павлодар қаласындағы №1 автобус паркінде істеп тұр.

«Мусин «Токио» деп шалыс басса да, еліміздің интернеті Ресейден алда боп шықты»

Экс-министр Бағдат Мусиннің «Астана интернет жылдамдығы жағынан Токиодан озды» деген мәлімдемесі ел арасында қызу талқыға түскен болатын. Мусин кетсе де, Қазақстанның интернеті Ресейден алда болып шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, Қазақстанда интернетті қолдананатын халықтың үлесі дамыған елдер деңгейінде.

Speedtest Ookla-ның 2024 жылғы сәуірдегі деректеріне сәйкес, еліміз интернеттің орташы жылдамдығы бойынша – 43,6 Мбит/с, әлем бойынша 66-орында. Бұл Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан жоғары көрсеткіш.

Мәдиевтің мәліметінше, Қазақстандағы 6 290 ауылдың ішінде сымды интернет арқылы оптика 2 606 ауылға жеткізілген, 3 010 ауылға оптикалық байланыс желілерін қосу көзделуде.

«Байланыс операторларынан Т340 млрд астам көлемде жеке инвестиция тарту көзделіп отыр. Мобильді интернет бүгінде 4 866 ауылда қолжетімді. Салық жеңілдіктері аясында 2023 жылы 1 161 ауыл 4G технологиясына қосылды. Қалған 1 424 ауыл бойынша жұмыс жалғасуда», - деді министр.

«Динара Зәкиева «Салтанат заңына» қарсы петицияға пікір білдірді»

Балалар құқығын қорғаушы Динара Зәкиева тұмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңға қарсы онлайн петиция авторларының сөзін жоққа шығарды, деп хабарлайды Orda.kz.

«Бұл мүлдем өтірік! Бұл заңда балаларды тартып алу туралы бірде-бір норма жоқ. Осы заң арқылы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәдениетін дамыту, адамды, оның ішінде баланы ұрып-соғуға жол бермейтін, заңдылық пен тәртіп алдыңғы қатарда болатын қоғам құру міндетін қойды», - деді Зәкиева facebook парақшасында.

Закиева заңға қарсы шыққандарды дағдарыс орталығында немесе отбасын қолдау орталығында волонтер болуға шақырады. Сонда ғана зорлық-зомбылық құрбандарының нені бастан өткергенін түсінуге болатынын айтты.

Фото көзі: inbusiness.kz


adimage