Зәкир Әриф оғлы Гәшимов: Әзірбайжан Қашаған мұнайын еуропалық нарыққа тартуға дайын

Астана. 10 желтоқсан. ҚазТАГ – Жанболат Мамышев. Әзірбайжан Қазақстанға ауыл шаруашылық өнімдері мен дизель отынын жеткізуге, Қашағаннан мұнайды еуропалық нарыққа тартуға және латын қарпіне көшуде тәжірибесімен бөлісуге дайын. Ол туралы ҚазТАГ агенттігіне берген сұхбатында Әзірбайжанның Қазақстандағы елшісі Зәкир Әриф оғлы Гәшимов айтып берді. 

- Қазақстан мен Әзірбайжанның қарым-қатынастары қалай дамып келеді? 

- Сіздің сұрақтарыңызға жауап беріп бастамас бұрын, сіздерге осы сұхбат үшін алғысымды білдіргім келеді. Сауалдарға көшетін болсам, бірінші кезекте біздің елдердің арасында проблемалық мәселелер жоқ екенін атап өткім-ақ келеді және бұл – ең бастысы. Әзірбайжан мен Қазақстан арасында тамаша қарым-қатынастар құрылған және сол достық, ағайындық байланыстардың негізін салушылары әзірбайжан халқының жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиев пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев болып табылады. Соңғы жылдары сол қатынастардың сапалырақ деңгейге шыққанын атап өтудің өзі қуаныш. Бұған біздің президенттеріміз Илһам Әлиев пен Нұрсұлтан Назарбаевтың әр түрлі форматтарда үнемі кездесіп тұрулары мұрындық болады. Біздің байланыстар саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларда дамып жатыр. Біздің елдер БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИЫҰ (ислам ынтымақтастық ұйымы), ТЕЫК (түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесі) т.б. секілді халықаралық ұйымдардың аясында белсенді қызметтеседі. Біздің университеттер белсенді қызмет жасасады: Баку мемлекеттік университетінде Абай Құнанбайұлы аудиториясы қызмет етеді, ал Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде – Гейдар Әлиев аудиториясы. Осы сәтті пайдалана отырып, 2014 жылдың 12 желтоқсанында Гейдар Әлиевтің бұл дүниеден озғанына 11 жыл болатынын, және Еуразиялық ұлттық университеттің дәл сол аудиториясында Қазақстанның көрнекті қоғам қайраткерлері мен әзірбайжан диаспорасы өкілдерінің қатысуымен еске алу шарасы ұйымдастырылатынын айтып өткім келеді. 

- Біздің елдердің арасындағы тауар айналым қандай? Оны ұлғайту әлеуеті бар ма және қандай өнімнің есебінен? 

- Елші ретінде бүгінгі таңда біздің елдердің арасындағы тауар айналым, егер елдеріміздің мүмкіндіктерін ескеретін болсақ, тиісті деңгейге жете қоймағанын айта аламын. Біздің елдер арасындағы тауар айналым көлемі 2013 жылы $371 млн-ды құрады және жақын келешекте ол $500 млн-ға жетеді деп күтілуде. Әлеуетті тауар айналымға қол жеткізу қажеттілігі әрдайым мемлекет басшыларының кездесулері кезінде баса айтылады. Тауар айналым кем дегенде $1 млрд-қа жетуіне арналған қажетті жұмыстарды орындау жөніндегі келісім бар. Ол үшін үлкен әлеует, тұрақты келісімдік-құқықтық база, тікелей тасымалдық бағыт-хабарлар бар. Тауар айналымда мұнай емес өнімдер, әсіресе ауыл шаруашылық тауарлардың маңызды орын алып отырғаны бізді қуантады. Ауыл шаруашылығындағы тауар айналым өзара толықтыру қағидатына негізделген. Әзірбайжан қазақстандық бидайдың бірінші импортерлердің бірі болып табылады. Бір мезетте әзірбайжандық экспорт Қазақстанның батыс облыстарын азық-түлікпен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Тауар айналымның өсімі негізінен ауыл шаруашылық өнімдерінің есебінен күтіліп отыр. Сонымен қатар өнеркәсіп саласында да елеулі жетістіктер байқалады. Ағымдағы жылдың мамырында Қазақстанда жасалған 500 электровозды сатып алу туралы келісім жасалды. 

- Қазақстандық бизнес Әзірбайжанда қаншалықты белсенді? 

 - 2002-2013 жылдар кезеңінде Қазақстан Әзірбайжанның негізгі капиталына $5,1 млн салды. Мұнымен бірге тек соңғы 2 жылдың өзінде ғана Қазақстан экономикасына $132 млн тікелей әзірбайжандық инвестиция салынған. Әзірбайжанда қазақстандық қатысымы бар 52 компания әрекет етсе, Қазақстанда әзірбайжандық инвестициялардың араласуымен 723 кәсіпорын тіркелген. Нақты жобаларға қатысты айтсақ, онда құрамына астық терминалы мен ұн тартатын кешен кіретін «Баку астық терминалы» атты әзірбайжандық-қазақстандық бірлескен кәсіпорынды атап өтуге болады. Биылдың маусымында әзірбайжандық инвестицияға тұрғызылып жатқан Ақтаулық өндіріс және логистика орталығының іргетасы қаланған болатын. Бұл қазір Қазақстанның тек Батыс өңіріне түсіп жатқан әзірбайжандық ауыл шаруашылық өнімдерінің одан ары үлкен мөлшерде түсуіне әкеліп соғады. Логистикалық орталықта тоңазытқыш орнатпалар болады және сол жақтан бүкіл Қазақстан аумағына тауарлар бөлінетін болады. 

- Ол логистикалық орталық қаншалықты үлкен? 

- Нақты білмеймін, бірақ өте үлкен. Оған шамамен 5 млрд-қа жуық салынған. 

- Доллар ма? 

 - Доллар. 

 - Қазақстан осыған дейін мұнайды экспортқа Ресей арқылы дәстүрлі бағыттан өзге, Баку-Тбилиси-Джейхан маршруты бойынша да Әзірбайжан арқылы жеткізудің сан алуан нұсқаларына үлкен қызығушылық танытқан еді... 

- Бұл мәселе бойынша қызығушылық тым-тырыс қалды деп есептемеймін... 

- Аталған маршрут бойынша Қашағаннан да үлкен мұнай жүреді деп күтілген... 

- Ин ша Алла! Қашаған мұнайы жүрген кезде, әрине. Әзірбайжанның Жібек жолында Азия мен бай Еуропаның арасында қақпа болғанын сіздер білесіздер. Десек те бұл бағытта Әзірбайжан арқылы жеткізудің әр түрлі маршруттары бар, ол басқаларына қарағанда ең қысқасы болып саналады. Сондықтан бұл бағыттың тартымдылығы экономикалық табыспен түсіндіріледі. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін біздің елдің транзиттік әлеуетін жүзеге асыру Әзірбайжан сыртқы саясатының маңызды міндеттерінің бірі болды. Транзиттік әлеуетті кәдеге жарату үшін Әзірбайжанда ірі транспорттық жобалар іске қосылды. Бүгінге дейін Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры жұмыс істейді, бүгінгі таңда салынып жатқан және өңірде ең үлкен айлақ атанатын Баку халықаралық сауда айлағы, келесі жылы-ақ пайдалануға беру жоспарланып отырған Баку-Тбилиси-Карс темір жолы бар. Әзірбайжан достық елдерге өз транзиттік әлеуетін ұсынуға дайын. Қазақстан да аталмыш маршрутты кедергісіз пайдаланып келеді. Биыл Еуропаға Баку-Тбилиси-Джейхан арқылы бет алатын қазақстандық мұнай тасымалы қалпына келтірілді. Қашаған кен орны іске қосылғаннан соң қазақстандық мұнайдың Баку-Тбилиси-Джейхан арқылы жүретін транзитінің көлемі ұлғаяды деп біз сенеміз. 

- Олар қашағандық мұнайдың қандай көлемін қабылдауға дайын? 

- Бізде көлемдер өте үлкен және Әзірбайжан ол мұнайды тартуға дайын. Құбыр желісі Қазақстанға да, Әзірбайжанға да қажетті мөлшерде мұнай тарту үшін шақталған. 

- Қазақстанның латын қарпіне деген ықтимал көшуіне қалай қарайсыз? Сіздің елдің бұл саладағы жинақталған тәжірибесімен алмасу бойынша ұсыныстарымен Қазақстан өкілдері Әзірбайжанға жүгінбеді ме? 

 - Қазақстанның латын әліпбиіне көшетіні туралы ақпарат Әзірбайжанда құлшыныспен қабылданды. Біз мұның өте қиын үдеріс екенін білеміз, ол бірнеше жылдарға созылуы мүмкін, бірақ ол өте маңызды, өйткені Қазақстан біз секілді 1930 жылдары латиницаны қолданған болатын. 1992 жылы, тәуелсіздікті алғаннан кейін, Әзірбайжан латын әліпбиін қалпына келтірді. Көшкен кездегі алғашқы жылдар ең ауыры болды: оқулықтар, оқу құралдары жетіспеді. Әсіресе үлкен және орта буынға қиынға соқты. 1997 жылы Гейдар Әлиев барлық газет-журналдар мен мемлекеттік мекемелердегі бүкіл хат-жазба мемлекеттік тілде және тек қана латын қарпінде жүргізілуі тиіс деген өкім шығарды. Бұл төңкерісшіл, бірақ дер кезінде және даналықпен жасалған шешім болды. Бұл салада ынтымақтаса отырып, Қазақстанның да латын әліпбиіне тез әрі ауырсынбай өтіп кететініне сенімдіміз, себебі Әзірбайжанда ауысу кезінде туындаған қателерге жол бермеу мысалына ие болады. Айтпақшы, сіздің ел, әр түрлі елдердің тәжірибесін саралай келіп, тап Әзірбайжанның тәжірибесі Қазақстанға сәйкес келеді деп шешті. Қазақстан тарапынан латын әліпбиіне көшуде жәрдемдесу мәселесінде Әзірбайжанның тиісті мемлекеттік органдарына жүгіну болды. Осыны ескере отырып, Қазақстан президент Назарбаевтың бұл жобасын қысқа деген мерзім ішінде тұрмысқа асыра алуы үшін, біздің елдердің тілші-ғалымдары ылғи бас қосып тұруы тиіс деп ойлаймыз. 

- Қайраңдық кен орындарды жасап шығару мен экология мәселелері есебінен Каспий теңізінің мәртебесі бойынша Каспий маңы елдерінің пікірлерінде ымыраластыққа деген үміт бар ма? 

- Әзірбайжан, Қазақстан және Ресей арасында Каспий теңізі жөніндегі келісімге қол қойылған. Қазір Иран және Түркіменстанмен келіссөздер жүріп жатыр. Каспий теңізі мен оның мәртебесі – әңгімелесу үшін мүлде бөлек тақырып. Каспий теңізі елдерінің көшбасшылар бестігінің астраханьдік кездесуі аталған проблеманың шешілуіне серпін берді деген пікір жоқ емес. Дәл осы Қазақстанда 2015 жылы өтетін 5 ел өкілінің келесі кездесуі, келісімнің ақырғы түзетімі келісілген кезде, «жарылыс» болады деп үміттену ғана қалады және біз үміттенеміз де. 

 - Қазақстан өкілдері Әзірбайжанға ЖЖМ ықтимал жеткізім мәселелері бойынша жүгінбеді ме? Әзірбайжан Қазақстанға жыл сайын отынның қандай көлемін жеткізе алады? 

- ГНКАР (SOCAR) мемлекеттік мұнай компаниясы мен «ҚазМұнайГаз» арасында өте достық, жақын қарым-қатынастар бар – олар тығыз қызметтеседі. Сол себепті де барлық мәселелерді өзара жиі талқылап жатады. Көлік бензинін жеткізуге қатысты – бұл жерде қазіргі таңда экспорттағы мүмкіндіктер шектелген. Бұл негізінен ішкі нарықта бұл мұнай өнім түрін тұтынудың үдемелі көлемімен байланысты. Жанар-жағармай материалдарының басқа түрлеріне қатысты – Әзірбайжанның дизельдік отын мен жағар май экспорты үшін үлкен мүмкіндіктерге ие екенін атап өткім келеді. 

 - Яғни дизельдік отын бойынша сіздер ынтымақтасуға дайынсыздар ма? 

- Бұл ынтымақтастық тікелей SOCAR мен «ҚазМұнайГаз» арасында жүруде. Өте тығыз, жақын қарым-қатынастар. Олар я Қазақстанда, я Әзірбайжанда кездесіп, әрқашан бір-бірінен қол үзбей отырады. 

- Егер сәл ауытқитын болсақ, онда Грузияға SOCAR бензинді нақты экспорттайды... 

- Грузияда біздің өз жанармай бекеттеріміздің үлкен саны бар. Грузияда қазір барлық жанармай құю бекеттерінің шамамен сол 70-80%-ы әзірбайжандық – SOCAR. Грузияда, Румынияда жанармай бекеттеріміз бар, Швейцарияда біздің әзірбайжандық отын түсетін жанармай құю бекеттеріміз бар, алайда, өкінішке қарай, Қазақстанда жоқ. 

- Олардың мұнда ашылғанын қалар ма едіңіз? 

 - Әлбетте. 

 - ЖҚБ ашу бойынша қандай да бір нақты жоспарлар бар ма? 

- Қос ұйым арасында жанармай сатып алу және сату бойынша келісім болуы тиіс және одан өзге де келісімдер болуы тиіс, себебі бағалық сәйкестік деген бар тағы. 

 - Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ү.ж. 29 мамырында Армения Еуразиялық экономикалық одаққа халықаралық мойындалған аумақтық шекаралармен, яғни Таулы Қарабахсыз қосылуы тиіс деп пікірін білдірген еді. Аталған мәселеге Әзірбайжандағылар қалай қарайды? 

 - Біз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2014 жылдың 29 мамыры күні Астанада сөйлеген сөзін үлкен сүйсініспен қабылдадық. Біз қазақ халқының қолдауын әрқашан сезініп келдік және қазір де оны президентінің басшылығымен сезініп отырмыз. Оның айтқан сөздері халықаралық құқық нормативтеріне негізделген объективтілік рухында болды. Бұл мәселеде Әзірбайжан Республикасының позициясы анық екенін атап өткім келеді – Таулы Қарабах өңірі мен айналасындағы жауланған 7 жер ол – Әзірбайжан Республикасының ажырамас бір бөлігі. Нұрсұлтан Әбішұлы ол туралы Арменияның басқа халықаралық ұйымдарға, айталық, Біріккен ұлттар ұйымына белгіленген шекаралар аясында қосылған жағдайларының бар екенін мәлімдеді, және де сондай шекаралармен ол Еуразиялық экономикалық және Кеден одағына қосылуға міндетті. Бұл бүгінгі таңда өте өзекті және өте әділетті, себебі Әзірбайжанның аумағы жауланған. 1 млн әзірбайжан-босқын бар. Аумақ басып алынған, бірақ кез келген жағдайда Әзірбайжан әрқашан бұл мәселені аумақтарды босату туралы халықаралық құқық аясында бейбіт жолмен шешудің жағында болды. Біз қан төгілгенін қаламаймыз. Не болса да – Әзірбайжанның бұл аумағында әділет қалпына келтірілетін болады. БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің Әзірбайжан аумағындағы жаулаушы әскерлерді көп кешікпей шығару туралы 5 резолюцияның бар екенін сіздер білесіздер, алайда бүгінгі таңда ол резолюциялар орындалмайды. Бұл жерде біз қайтадан қос стандартқа тап боламыз. 

- Әзірбайжанның өзі посткеңестік кеңістікте, ЕО-мен немесе өзге де түркі халықтарымен әскери, саяси немесе таза экономикалық салада қандай да бір интеграция санатына қаншалықты мүдделі? 

- Әзірбайжанның аумағында бүгінде бірде-бір шетелдік сарбаз жоқ. Әзірбайжан түркітілдес елдермен интеграцияласуға мүдделі. 1999 жылы Нахчыван қаласында Ыстамбұлдағы хатшылық резиденциясымен бірге түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесі құрылған болатын. Бакуде түркітілдес елдердің парламенттік ассамблеясы қызмет атқарады, онда қазіргі таңда Қазақстан төрағалық етеді. Астанада түркі академиясы қызмет етеді. Менің жақын досым Дүйсен Қасейіновтың басшылығымен ТҮРКСОЙ белсенді жұмыс жасайды. Қазіргі таңда әр түрлі салаларда бірнеше тұрақты комитеттер құрылған: экология, білім беру, экономика және т.б. Бұл елдердің орталық терминологиясын, мектептер мен университеттерге арналған ортақ тарих оқулықтарын даярлау идеясы бар, яғни интеграция толыққанды жүріп жатыр. Біздің мемлекеттердің интеграциясы жалпы алғанда өңірдің гүлденуіне қызмет етеді деп үміттенеміз. Әзірбайжан әзірге қандай да бір Еуразиялық немесе Еуропалық одаққа қосылу мәселелерін қарастырмайды. Әзірбайжан – өз-өзін жеткізіп отырған ел және әзірге бұл мәселелерге жуықтай қоймайды. Бұл жерде барлығын отырып санау қажет – анда-мында, қарап – қайда, не, қалай екенін. Осы сәтті пайдалана отырып, мен ағайын дос Қазақстанның барлық халқын Тәуелсіздік күнімен және Жаңа жылдың жақындауымен құттықтағым келеді, Қазақстанның аспаны әрдайым ашық болсын, адамдар бейбіт өмір мен молшылықта жасасын, Қазақстан өмірінде ешқашан соғыс дегенді білмесін! 

- Сұхбатыңыз үшін рақмет!

adimage