Заречныйдағы сотталушыларды қинау: абақты қызметкерлері ұсталды

Күні: 15:07, 30-07-2019.

Алматы. 30 шілде. ҚазТАГ – Мәдина Әлімханова. Заречныйдағы абақты қызметкерлері сотталушыларды қинау туралы роликтер әлеуметтік желіде тарағаннан кейін ұсталды.
«Бүгін сағат 02.00-де маған қызметкерлердің туыстарынан оларды Алматы облысы полиция департаментінің қылмыстық полицейлерінің ұстағаны туралы хабар келіп түсті. Санкция әзірге жоқ, бірақ олар ұсталды, жетеуі де уақытша ұстау изоляторына тоғытылды», - деп хабарлады сейсенбі күні ҚазТАГ тілшісіне «Сотталушылар құқығын қорғау мәселелері бойынша коалиция» РҚБ төрағасы Константин Гудаускас.
Еске салсақ, 26 шілдеде ҚР ІІМ баспасөз қызметінде хабарлағандай, интернет желісінде Алматы облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мекемесінің ЛА-155/8 (Заречный а.) қызметкерлерінің заңға қайшы әрекеттері мен аталмыш түрмеде жазасын өтеп жатқандардың видеожазбасы жарияланған болатын. Аталмыш дерек бойынша, ІІМ-де хабарлағандай, қызметтік тексеру тағайындалды. ІІМ-де атап өткендей, тексеру жүргізу үшін мекемеге Алматы облысы полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасының шұғыл-тергеу тобы жіберілген.
29 шілдеде белгілі болғандай, Заречныйда қатаң режимдегі ЛА-155/8 абақтысының жеті қызметкері сотталушыларға қатысты қинау әрекеттері туралы ролик пайда болғаннан кейін жұмыстан қуылған.


Жаңалықтармен бөлісу: