Талдықорғанда мыңнан астам вейп тәркіленді: курьер мен сатушы ұсталды
Талдықорғанда мыңнан астам вейп тәркіленіп, курьер мен сатушы ұсталды, деп хабарлайды El.kz.
Талдықорған қаласында Жетісу облысы полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп темекі өнімдерін және вейпті заңсыз сату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Жедел іс-шаралар барысында екі ер адам ұсталды. 18 жастағы курьер және 22 жастағы сатушы заңсыз сауда жасаған.
Санкцияланған тінту нәтижесінде құқық қорғау органдары 1284 вейп тәркіледі.
«Анамның бір табақ ұн үшін біреудің үйін тазалаған кезін көріп өстім – Елдос Сметов»
Бұл туралы Олимпиада чемпионы Елдос Сметов «Түнгі студия» бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Мұны еш жерде айтпағанмын. Жұлдыз ауруымен ауырып қалмайсың ба?», деп жатқандар бар. Кейбіреулер көтере алмай қалады деген сияқты. 1998-1999 жылдары қиын кездер болды. Бала кезде темір өткізіп, нан алған кез болды. Ата-анамның біз үшін қалай еңбек етіп жатқанын көрдім. Есімде қалғаннан кейін қазір жұлдыз ауруына жол бере алмаймын. Ауылда тұрдық, әкем қалаға кетіп, құрылыста жұмыс істеді. Анам үйде отырды. Бір табақ ұн үшін біреудің үйін тазалаған сәттері болды. Біреудің үйін тазалап жатқанын көзіммен көріп өстім», - дейді спортшы.
Түркістан тұрғыны арыстан мен жабайы құстарды үйінде асыраған
Түркістан облысында полиция тұрғынның үйінен арыстан мен жабайы құстарды тәркіледі, деп хабарлайды Nege.kz.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Түркістан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері сирек кездесетін жануарлар мен құстарға қатысты заңсыз әрекет жасау фактісін анықтады.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Сарыағаш ауданының тұрғыны ауласынан бір арыстан, екі бүркіт, сұңқар, екі үкі және екі кекілік құсын ұстаған.
Тәркіленген жануарлар Шымкент қаласындағы зообаққа орналастырылды.
Қазіргі уақытта осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті тергеу әрекеттері жүріп жатыр.
Айгүл Орынбек: Мақпал апамның арақ ішкеніне емес, «Бейбіт заманда сарбаздар неге өледі?», деп неғып шуламайсыңдар?
Заңгер Айгүл Орынбек әскердегі сыбайлас жемқорлық, сарбаздардың өлімі туралы дабыл қағып, үш жылда 270 сарбаз қайтыс болғанын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz.
«Біз той тойлап, қонақ күткенді қатырамыз, бірақ өзіміздің азаматтардың жағдайын жасауға келгенде тырықтық жасаймыз! Бейбіт уақытта үш жылда 270 сарбаз қайтыс болған. Соғыс болып жатқан көрші ел Ресей мен Украинада бұндай көрсеткіш жоқ шығар. Кім кінәлі? Әрине, сыбайласқан жемқорлық! Әскери бөлімдерді жайлаған сыбайласқан жемқорлықты көп әскери қызметкер ашынып айтқысы келеді. Бірақ соңында өздері қудаланатынын біліп үндемейді. Қаншама қызметкер ақиқатын айтып, арыз жазып соңында өздері қудаланған. Бізде адам өліп жатса да жүйеге қарсы шығуға болмайды! Себебі жүйелі түрде мына елді жеп отырғандар көп!», - деп жазды Айгүл Орынбек желідегі парақшасында.
Заңгер бейбіт күнде әскерге сау жіберген сарбаз табытпен қайтып жатса, біз қалай ел боламыз, деп дабыл қағуда.
«Уа, қара халық! Мақпал апамның арақ ішкені емес, «бейбіт заманда сарбаздар неге өледі?», деп неғып шуламайсыңдар? Қоғамнан талап күшейгенде мемлекет алға дамиды! Әншілердің ішкенін, кімдермен жатқанын сөз қылатын халқы бар ел ешқашан дамымайды!», – деп жазды ол.
Фото көзі: ©Сали Сабиров