Жұмағалиев пен Омаров елші болып тағайындалды, сонымен қатар БҰҰ жанындағы Қазақстанның жаңа тұрақты өкілі тағайындалды

Астана. 30 қыркүйек. ҚазТАГ – Асқар Жұмағалиев пен Қайрат Омаров елші болып тағайындалды, сонымен қатар Біріккен ұлттар ұйымы жанындағы Қазақстанның жаңа тұрақты өкілі тағайындалды, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.  
«Қайрат Ермекұлы Омаров Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі қызметіне тағайындалды, ол Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі қызметінен босатылды; Мағжан Жанботаұлы Ілиясов Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі қызметіне тағайындалды, ол Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен, Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі қызметін қоса атқарудан босатылды; Асқар Қуанышұлы Жұмағалиев Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі қызметін қоса атқарушы қызметіне тағайындалды», - делінген сәрсенбідегі хабарда.
Жұмағалиев 2019 жылдың маусымынан бастап 2020 жылдың шілдесіне дейін цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болған, оның алдында  2019 жылдың ақпанынан 2019 жылдың маусымына дейін цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі, 2018 жылдың желтоқсанынан 2019 жылдың ақпанына дейін вице-премьер - қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болған.  
Омаров  2017 жылдың қаңтарынан бастап БҰҰ жанындағы Қазақстан тұрақты өкілі болған, оған дейін 2013-2017 жылдар аралығында АҚШ-тағы Қазақстан елшісі, 2009-2013 жылдар аралығында сыртқы істер вице-министрі болған.  
Ілиясов 2016 жылдан бері Нидерландыдағы Қазақстан елшісі болған, оған дейін 2013-2016 жылдар аралығында президент әкімшілігі сыртқы саясат орталығының меңгеруішісі, оның алдында 2013 жылдың маусымы мен желтоқсаны аралығында президент кеңесшісі болған.  
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Қайрат Шораұлы Сарыбай Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі қызметінен, Қазақстан Республикасының Словения Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарудан босатылды», - деп хабарлады Ақорда.


adimage