Жаңа оқу жылында Маңғыстауда 15 мың бірінші сынып оқушысы парталарға отырады

Ақтау. 20 тамыз. ҚазТАГ – Маңғыстау облысында 15 мың оқушы бірінші сыныпқа барады, деп мәлім етті облыстық білім басқармасының бастығы Зейнеп Тастемірова.
Зейнеп Тастемірованың айтуынша, бірінші сынып оқушылары жергілікті бюджет есебінен ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Мемлекет сонымен қатар тұрмысы төмен отбасының балаларын да тегін тамақпен қамтамасыз етеді.
«Биыл облыстағы 123 мектепте ыстық тамақ ұйымдастыру жоспарлануда. Тұрмысы төмен отбасыларының 11 164 оқушысы мен барлық бірінші сынып оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Жергілікті бюджет есебінен барлығы 24 612 оқушыны қамту қарастырылуда. Бұрындары 1-4 сынып оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етіледі деп айтылған, бірақ экномикалық дағдарысқа байланысты біз шығынды қысқартуға мәжбүр болдық, сондықтан басқа балалар ата-аналарының есебінен тамақтанады», - деді Зейнеп Тастемірова сәрсенбі күнгі брифингте.  
Биыл оқу жылының басына Маңғыстау облысында барлығы 131 мектеп жұмыс істейді, жыл соңына дейін тағы екі мектеп ашылады деп күтілуде.  
Білім басқармасында 2015-2016 оқу жылдарында орта білім мекемелеріндегі оқушылардың саны 111 мың адам болады деп болжап отыр.

adimage