Жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексінің басты мақсаты – сот процесін жеңілдету – ҚР бас прокурордың орынбасары

Астана. 13 қазан. ҚазТАГ – Жанболат Мамышев. Жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексінің басты мақсаты – сот процесін жеңілдету, істердің тез қаралуын қамтамасыз ету, осы арқылы оның тиімділігін арттыру, деді ҚР бас прокурордың орынбасары Жақып Асанов Астанада өткен «Әкімшілік және қылмыстық атқару кодекстерінің жаңа модельіне көшудің ерекшеліктері» тақырыбындағы семинар-кеңестің ашылуында сөйлеген сөзінде.
Ведомство сайтында жарияланған хабарда айтылғандай, ол елімізде құқық қорғау жүйесін жаңғырту бойынша біраз жұмыстар атқарылып жатқанына тоқстап өтті.
«Өткен жылы Мемлекет басшысы екі маңызды құжатты бекітті. Олар құқық қорғау жүйесі мен осы саладағы кадр саясатын одан әрі жетілдіруге бағытталған.
Биыл Парламент Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық-атқару және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерді қабылдады. Бұл заңдар бірінші қаңтардан бастап қолданысқа енбек», - деді Жақып Асанов.
Жаңа Қылмыстық кодекске келсек, онда да бірқатар жаңа ережелер бекітілген.
Жалпы, бүгінгі күні тіркелген қылмыстардың 90 пайызын онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыстар құрайды.
Жаңа Қылмыстық кодекс бойынша, егер айыпталушы жәбірленушімен татуласса, келген зиянның орнын толтырса, онда қылмыстық жауаптан босатылады. Ең басты талап – адам қазасының болмауы. Жалпы мұндай мүмкіндік қазіргі Кодексте де бар. Бірақ, екі жақ өзара келіссе де қылмыстық істі қысқарту, ол тергеушінің, прокурордың немесе соттың құқығы – қысқартам десе қысқартады, қысқартпаймын десе қысқартпайды. Бұл, әрине, жемқорлыққа жол ашады. Сондықтан жаңа Кодекске сай осы тәртіп өзгеріп отыр. Енді татуласу арқылы істің қысқаруы жәбірленушінің еркіне ғана байланысты.
Жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексінің басты мақсаты – сот процесін жеңілдету, істердің тез қаралуын қамтамасыз ету, осы арқылы оның тиімділігін арттыру.
Біріншіден, бұл Кодекс соттың рөлін біраз күшейтеді. Тергеу судьясы деген жаңа фигура пайда болмақ.
Егер бүгінгі күні судьялар тек екі-ақ санкция беретін болса, ол қамауға алу мен үй-жайға қамауға алу, жаңа Кодекс бойынша осы 2 санкцияға 5-і қосылып отыр.
Сонымен қатар тергеу судьясы тергеушінің, прокурордың кез-келген шешімі мен әрекетінің заңдылығын тексеріп, олардың күшін жоя алады.
Екіншіден, бүгінгі Кодекске сәйкес, егер сотталушының кінәсінің дәлелдері жеткіліксіз болса, онда сот істі қосымша тергеуге қайтаруы мүмкін. Соның салдарынан істердің қаралу мерзімі ұзаққа созылып, сотталушының құқықтарының бұзылуына әкеп соғады.
Ал, жаңа Кодекс бойынша қылмыстық істі сот қосымша тергеуге қайтара алмайды. Не айыптау, не ақтау үкімін шығаруға міндетті.
Үшіншіден. Көп жағдайда жәбірленуші ешқандай қаржылық көмек көрмей, өз проблемасымен өзі қалады. Себебі, не қылмыс ашылмаған, не қылмыскердің материалдық жағдайы жоқ. Әрине, бұл жәбірленушіге қосымша ауыртпалық.
Жаңа Кодексте осы мәселе ішінара шешіліп отыр. Жәбірленушілерге материалдық қолдау көрсететін арнайы Қор құрылмақ. Оның мақсаты – қылмыстан келтірілген зиянның орнын толтыру. Мұндай тәртіп бізде бұрын мүлде болмаған.
Қор қылмыс жасағандардың есебінен қалыптасады. Атап айтсақ, олардан тәркіленген мүлік, салынған айыппұл, қылмыс құралы болған заттар мен ақшалар.

adimage