Жамбыл облысы көліктік бақылау инспекциясының бөлім басшысы жүйелі түрде пара алған деген күдікке ілінді

Астана. 28 маусым. ҚазТАГ – Жамбыл облысы көліктік бақылау инспекциясының бөлім басшысы жүйелі түрде пара алған деген күдікке ілінді, деп хабарлады ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметінен.
«ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті Жамбыл облыстық көліктік бақылау инспекциясы бөлім басшысының жүйелі түрде пара алу фактілерін анықтады. Ол Қазақстан Республикасының аумағы бойынша ауыр салмақты және ірі көлемді көлік құралдарының жүріп өтуіне арнайы рұқсат бергені үшін жеке компаниялардың өкілдерінен пара алды деген күдікке ілінді», - делінген жұмада таратылған хабарда.
Ведомствоның атап өтуінше, кінәсін толық мойындауына байланысты күдіктіге қатысты процессуалдық ұстау қолданылған жоқ.
«Тергеу жалғасуда. Кінәлілік дәрежесін анықтау арқылы күдіктіге қатысты соңғы үкімді сот шығарады», - делінген хабарда.

adimage