Жамбыл облысы мемақпараттық тапсырысқа екі айда Т50 млн жұмсамақ – қаржы кімге бұйырар екен?

Астана. 29 қазан. ҚазТАГ – Жамбыл облысының билігі бұқаралық ақпарат құралдарында (БАҚ) материал жариялауға екі айда Т50 млн жұмсамақ, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Тапсырыс беруші – "Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы" КММ; атауы – Ақпараттық материалдарды дайындау және басып шығару бойынша/бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыру бойынша қызмет көрсетулер (Жамбыл облысында (Тараз қаласы мен барлық аудандарда) таралатын БАҚ арқылы мемлекеттік ақпараттық сяасатты жүргізу бойныша қызметтер); жоспарлы сомасы – Т50 млн», - делінген 23 қазанда мемлекеттік сатып алу порталында орналастырылған лот сипаттамасында.
Конкурсқа қатысуға өтінім қабылдау 26-28 қазан аралығында жүрген. Қазір берілген өтінімдерді қарау кезеңі. Техникалық ерекшелікке сәйкес қызметтердің 2020 жылы көрсетілуі керектігін ескерер болсақ, әлеуетті жеткізушінің аталмыш Т50 млн. соманы игеруге екі-ақ айы ғана бар.
Өтінімдерді ашудың 28 қазандағы хаттамасына сәйкес қатысуға тек бір ғана заңды тұлға өтінім берген - «Aulieata-Media» ЖШС. Мемлекеттік БАҚ-тағы материалдарға сүйенсек, ол ЖШС 2020 жылдың жазында ғана холдинг түрінде құрылған, оның құрамында «Ақ жол», «Знамя труда» және «Арай» газеттері бар.

adimage