Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы ауысты

Тараз. 11 ақпан. ҚазТАГ – Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы ауысты, деп хабарлады polisia.kz.ақпараттық медиа-порталы.
«ҚР президенті әкімшілігінің келісімімен ҚР ішкі істер министрінің бұйрығымен Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы болып Сүлейменов Жанат Қуанышұлы тағайындалды. Жаңа бастықты жеке құрамға ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев таныстырды», - делінген дүйсенбідегі хабарда.
Жанат Сүлейменов ішкі істер органдарында 1980 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Әр жылдары ол есірткі бизнесімен күрес, криминалдық полиция комитеттерін, жолдағы полиция департаментін, сондай-ақ Қызылорда және Оңтүстік Қазақстандағы полиция департаменттерін басқарған. 2017-2019 жылдар аралығында ҚР ішкі істер министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.
«Оразалиев Арман Молдиярұлы ішкі істер министрінің бұйрығымен кадр резервіне ауыстырыла отырып, қызметінен босатылды», - делінген хабарда.
Еске салсақ, 7 ақпанда кешкісін Жамбыл облысының полицейлері Сортөбе ауылында ауылдықтар полиция көлігіне тас лақтырғанын, кейін Масаншы ауылында жаппай төбелес орын алғаны туралы хабар таратқан еді, ол туралы тергеу амалдары басталды. Өңірдегі полиция департаментінің баспасөз қызметі жанжалдың тоқтатылғандығын және жағдайдың бақылауда екенін растады. ПД әлеуметтік желілерде Қордай ауданының екі ауылында Сортөбе және Масаншы ауылдарында ұлтаралық жанжалдың туындағаны туралы хабар тарағаннан кейін ғана ресми ақпарат таратты.
Кейін Сортөбеде тұратын Қазақстандағы дұңғандар қауымдастығының төрағасы Хусей Дауров ҚазТАГ ХАА-ға полиция мәлімдегенмен, Масаншыдағы жағдайдың бақылауда еместігін, жағдайдың ушығып бара жатқанын жеткізді. Кейін ол өзінің де соққы алғанын, ал ауылдың өртеніп және ойрандалып жатқанын айтты. Аталмыш ақпарға түсінік берген Жамбыл облысы ПД кезекшісі ол туралы білмейтінін айтты.
Қазақстан халықтар Ассамблеясы мәжілістің депутаттар тобының мүшесі Шәкір Хахазов Дауровтың сөзіне түсінік бере келе, жағдайдың ол айтқаннан гөрі басқа екенін, жағдайды дұрыс түсіну керектігін айтты.
8 ақпанға қараған түні жағдайға түсінік берген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев полицияның Қордай ауданындағы жағдайды тұрақтандырғанын және оны бақылауға алғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысының айтуынша, бұзақылық пиғылдан төбелес басталған, ал оны арандатушылар пайдалануға тырысқан. Президент кінәлілер жауапқа тартылады деп уәде берді. Алайда 8 ақпан күні ертеңгісін Дауров ҚазТАГ агенттігіне күш құрылымдарының Масаншыдағы бүлікті тоқтатқанын, алайда көрші Бұлар батыр ауылында өрттің басталғанын, яғни адам өлімінің болып жатқанын айтты. Бұған дейін ҚазТАГ ХАА берген сұхбатында ол адам өлімінің 11-ге жетуі мүмкін екенін айтты, сондай-ақ ол егер күш құрылымдары жағдайға бір күн бұрын мән бергенде адам өлімін болдырмауға болатын еді деді.
8 ақпанда күндіз Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жанжал барысында сегіз адамның қайтыс болғанын, тағы шамамен 40 адамның жарақат алғанын, олардың арасында екі полицейдің жарақат алғанын айтты. Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қордай ауданында қаза тапқандардың барын растады және тергеу жүргізуді тапсырды. ІІМ-де нақтылағандай, төбелеске қатысу үшін Масаншыға басқа ауылдардан 300-ден астам адам жиналған.
ҚР ҚК 272 бабы (жаппай бұзақылықты ұйымдастыру және қатысу), 99 бабы (адам өлімі) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Барлығы 47 адам ұсталды, алайда 8 ақпан күні кешкісін ұсталғандардың барлығының босатылғаны белгілі болды.
8 ақпан түнде белгілі болғандай, Қырғызстанның Қордай ауданындағы жағдайға байланысты Қазақстанмен шекарадағы күзетті күшейткені белгілі болды. Кейін белгілі болғандай, Қазақстандағы бүліктен қашқан дүнгендерді Қырғызстан панасына алған. Негізінен шекарадан әйелдер мен балалар өтіп кеткен. Қырғызстанда Қазақстаннан қашқандар үшін гуманитарлық көмек жинап жатыр.
9 ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдегендей, арандатушылардың кінәсінен, меморган қызметкерлерінің салғырттығынан қан төгілді. Мемлекет басшысының айтуынша, кінәлілердің барлығы жазаланатын болады. Қордай ауданында ТЖ режимі енгізілді.
Кейін Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасында Қордай ауданындағы бүлік салдарынан қаза тапқандар санының 10-ға жеткенін хабарлады. Ондаған адам зардап шеккен, олардың 40 шақтысы қазақстандық ауруханаларда жатыр, тағы 25-і Қырғызстандағы ауруханаларда. Тәртіпсіздіктер барысында бес полицей зардап шеккен, олардың үшеуіне оқ тиген.
Полицейлердің мәлімдеуінше, бүліктің шығуына жол бойындағы жанжал себеп болған. Сондай-ақ ІІМ арандатушы болуы мүмкін адамды ұстаған, соның үндеуінен кейін тәртіпсіздік басталған болуы мүмкін. Полицейлер төбелес кезінде қарт кісінің жарақаттанғанын растады, алайда бүлік осыдан кейін басталды-мыс деген ақпарат расталмады.
Қазақстан билігі бүлінген үйлерді қалпына келтіруге уәде берді және Қырғызстанға қашқан дұңғандарды кері қайтуға шақырды.
10 ақпанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Сұлушаш Құрманбекованы, Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөлені, Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевті, Қордай ауданы полиция бөлімінің бастығы А. Айхымбековты қызметтерінен босатуды тапсырды. Сондай-ақ, бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке Жамбыл облысы Қордай ауданында орын алған қайғылы жағдайдың тексерілуінің объективтілігін қамтамасыз етуді тапсырды. Кейін президент ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа Жамбыл облысындағы ахуалды қатаң бақылауға алуды тапсырды. Сол күні ҚР денсаулық министрлігі Қордайдағы жағдайдан 180 адамның зардап шеккенін хабарлады.
Сонымен қатар, 10 ақпанда Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов 2018 жылдың 10 қаңтарынан бері атқарып келген қызметінен босатылды. Жамбыл облысының әкімі болып Бердібек Сапарбаев тағайындалды, ол 2019 жылдың тамызынан бері ҚР премьер-министрінің орынбасары қызметін атқарып келді.

adimage