Жангелді Сүлейманов: Егер Матаев бірнәрсені бұзған болса, ол заңды емес, келісімшартты бұзды

Алматы. 12 қазан. ҚазТАГ – Владимир Радионов. Ұлттық баспасөз клубының басшысы мен Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаевқа қатысты шығарылған үкім тек кәсіби журналистік ортада ғана емес, сонымен қатар заңгерлердің арасында да қатаң сынға алынды. Тергеу бұл істің С. Матаевтың кәсіби қызметіне қатысы жоқ және тек экономикалық сипатта деп отырғасын (ал оны алаяқтық пен салық төлеуден жалтарған деп айыптады) біз істің дәл осы тұсын экономикалық және салық саласының маманы, адвокат Жангелді Сүлеймановтан түсіндіруін сұраған едік.
Заңгер өзінің пікірі болжам сипатында болатынын (үкімнің толық мәтінін судья Ақболат Құрмантаевтан басқа ешкім де көрген жоқ, тіпті С. Матаевтың адвокаты да көрмеді), бірақ қол жетімді, ашық түрдегі ақпараттар мен құқық нормаларына негізделгенін атап көрсетті. Және осының өзін С. Матаевты дәл қылмыстық жауапкершілікке тартатындай түк те жоқ деген болжам айтуына мүмкіндік беріп отыр.


- Жангелді, Сіз үкімде не заңсыз деп есептейсіз?


- Үкім туралы мен келесі нәрселерді білемін: С. Матаевты ҚР ҚК 190 бабы (алаяқтық) және 245 бап (мекеменің салық төлеуінен жалтару) бойынша соттады. Сондай-ақ үкімде былай деген жерлер де бар: С. Матаевтан жасырып қалған салық түріндегі 216 млн теңге мемлекет пайдасына өндірілсін. Сіздің рұқсатыңызбен мен екінші бөлімінен бастасам – салық төленбеген-мыс деген тұсынан. Бірден айта кетейін, С. Матаевтан 216 млн теңге салық өндіру – мүлдем орынсыз қойылып отыр. ҚР Жоғарғы сотының (ЖС) нормативтік қаулысы бар, онда азаматтардан немесе мекеме басшыларынан сол мекеме төлемеген салықты өндіруге болмайды деп айтылған. Онда айдан анық салық компаниядан өндіріледі деп айтылған. Яғни бұл жағдайда салықты Ұлттық баспасөз клубынан өндіру керек. Одан кейін Ұлттық баспасөз клубының өзі шешеді (ол оның құқығы) осы соманы С. Матаевтан өндіре ме жоқ па екенін. Қайталап айтсам, үкім осы тұсында орынсыздау, және менің пікірім бойынша, оны не аппеляциялық сатыда (Астана қалалық соты), не ЖС өзгертетін шығар, себебі бұл шешім ЖС ұстанымына қарама-қайшы. Ал ЖС аудандық және қалалық сот үшін жоғарыда тұрған орган болып табылады.
Салыққа келсек, мен қателеспесем, жеке кіріс салығы (ЖКС) бойынша қосымша есептеліп, төленді білем, және ол С. Матаевқа қылмыс ретінде тағылды. Мәселе ЖКС мекемеден алынатын салық болып табылмайды, ол азаматтардан алынады. Бұл жерде өндірілетін сома қаншалықты дұрыс есептелген, шығын дұрыс есептелінді ма деген сауал қойылуы керек.
Егер корпоративтік кіріс салығы (ККС) туралы айтатын болсақ, онда да процедурасы бар. Менің естуімше Ұлттық баспасөз клубы салықтарды төледі. Егер ол орын алған болса, салыққа қатысты С. Матаевқа ешқандай шағым болмауы керек. Неге екенін түсіндірейін. ҚК-де ұқсас бап бар – кеден салығынан жалтару деген. Онда айдан анық көрсетілген, егер қосымша есептелген салықты төлеген жағдайда тұлға қылмыстық жауапкершіліктен азат етіледі деп. Бұл жерде де соған ұқсас жағдай болуы керек еді. Себебі осындай күмәнді жерлердің барлығы С. Матаевтың пайдасына түсіндірілуі тиісті еді.
Біз салық төлемегендердің қанын ішейік деп тұрған жоқпыз ғой. Президент саясаты қандай? Егер қандай да төлем жасалған болса, экономикалық қылмыстар үшін жазаламау керек. Бұл мемлекеттің, сот төрелігінің, және айыптау блогының ұстанымы және ол ақылға сиымды да. Бізде айтарлықтай күрделі, адам бір нәрсені түсінбей қалуы да мүмкін.


- С.Матаевтың өзі сотта, мүмкін, ол, салық төлеу саласының маманы болып табылмағандықтан, бірдемені орындамаған болармын деп айтты...
  
 
- Ол дұрыс. Заң тіліне аударсақ, ол «қылмыс жасау ойының болмауы» деп аталады. Ол немқұрайлық болуы мүмкін, бірақ кез келген немқұрайлық қылмыс емес. Не болғанда да, ол білместік оның пайдасына қарай түсіндірілуі керек. Бірақ ол кезде бұл мүлде қылмыс болмайды, ол әкімшілік құқықбұзушылық, және ол үшін тек айыппұл салынуы тиіс. Айталық, салынған салық сомасынан 30%, тек ешқандай да қылмыстық қудалау емес. Және ең болмағанда 245-бап бойынша С.Матаевқа қатысты айыптың алынып тасталғаны да өте маңызды.
Тағы бір жағдай – бізде «Жария етуге байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР заңы қабылданды, оның қолданылу мерзімі – жыл соңына дейін. Егер кез келген адам шотқа ақшасын салып, ол қаржының жария етілгені туралы анықтама алатын болса, онда ол салықтық қылмыс бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды. Мен біздегі нақты жағдай туралы айтып отырған жоқпын, десек те төленбеген салықты да жария ету мүмкіндігі бар – тіпті 10 пайыздық төлемсіз. Мемлекет оны біледі, сот түсінеді, және С.Матаев ниет білдірген жағдайда оны 245-бап бойынша жауапкершіліктен босатулары мүмкін еді.

 
- Ал алаяқтық, Сіздің ойыңызша ол болған ба?

 
- Алаяқтық айыптауы да кейбір түсініксіздік тудырып отыр. Тараптар арасында жазбаша шарт болған жағдайда бас прокуратура қылмыстық іс қозғалмауы тиіс деген ұстанымда: азаматтық-құқықтық қарым-қатынас қағидасы жарияланады. Қараңыз, бізде қазір 5 млн борышкер банктерге қарыз, кредит бойынша есептесе алмай жүр. Алайда бұл борышкердің барлығы алаяқ дегенді білдірмейді, олар төлей алмай жүр. Енді қайтеді – олардың әрқайсысын қылмыстық жауапқа тартамыз ба? Банктер оны жақсы түсінеді, және кез келген құқыққорғаушы оларға былай дейді: «сіздердің шарттарыңыз бар, барыңыз да мәселелеріңізді сотта шешіңіз".
Мен оны не үшін айтып отырмын? Бас прокуратурада бұл тұста өте ілгерілеу бағытында барады: егер зардап шегуші полицияға шағымданып, борышкерді қылмыстық жауапқа тартуды сұраса, ол ондай іс қозғағанша, дауласушыларға азаматтық сотқа жүгінуді ұсынады.
Менің түсінуімше, баспасөз клубы мен қандай да бір меммекеме арасында жазбаша шарт бар. Және екінші тарапта мемлекеттің болғаны, мұның мемтапсырыс туралы шарт болғаны маңызды емес, ол күшін жоймайды. Жәй оның болуының өзі қылмыстық қудалауды толығымен жояды. Және егер қызметке тапсырыс берушіде баспасөз клубының өніміне немесе қызметіне наразылығы болса, онда оны шешу үшін тек полиция ғана емес, сот бар, бұл жағдайда Астана қаласының экономикалық соты.
Егер тапсырыс беруші жеткізушінің шарты бойынша міндеттемелерін тиісті орындаған жоқ, бағасын арттырды, мерзімін бұзды деп санаса, ол жағдайда сотқа жүгіну керек. Сот шешім шығарады – баспасөз клубынан, біздің жағдайда, қандай да бір соманы өндіріп алу немесе қандай да бір бұзушылықты жоюға мәжбүрлеу.
Екінші, маған түсініксіз жайт –заңды тұлғаларға алаяқтық қылмыс түрінде сирек қолданылады. Алаяқтық – ол алдау немесе сенімді пайдалану арқылы жасалатын ұрлықтың түрі. Ал заңды тұлғада сана, ар, намыс, психоневрологиялық эмоционалды процесс болмайтындықтан оны алдау мүмкін емес. Яғни алаяқтық туралы істе заңды тұлға зардап шегуші бола алмайды. Ал заңды тұлғаны алдауға бола ма жоқ па деген дауда кінәсіздік презумпциясы бойынша күдік С.Матаевтың пайдасына шешілуі керек.
Және, сосын, алдау деген не? Классикалық алдау – жалған құжаттар жасау. Алайда біздің жағдайда С.Матаев жалған құжаттар пайдаланбаған, ол дауласуға жатпайтын шартты ғана қолданған.
 

- Дегенмен оны тапсырыс аясында бөлінген қаржының бір бөлігін жеп қойған-мыс деп айыптап жатыр ғой. Яғни ол тапсырыс берушінің жарнамасын шарт аясында көрсетілгеннен төмен бағада түрлі БАҚ-та орналастырып, артылған қаржыны өз пайдасына жаратқан дейді.  

- Құқығы болды. АК 185 бабында қызмет құнын әркім өз қалауынша белгілей алады делінген. Және С.Матаевты осы ретте қандай да бір заң нормасын бұзды деу – даулы нәрсе. Заңның бұзылғандығын мәлімдеу үшін, сол норманы келтірулері тиіс. Мен үкімді көрген жоқпын, дегенмен сот норманы келтіргеніне күмәндімін: мол, қосалқы мердігерлік мекемелерді аз сомаға тартуға тыйым салынған. Ондай заңда жоқ. Мүмкін, ол норма шартта бар шығар, яғни С.Матаев аталмыш қызметті белгіленген құнынан төмен бағада сатып ала алмайды. Бірақ, тағы да қайталап айтайын, онда шарт талабы бұзылған, тек заң емес, және бұл даулы мәселелерді сотта реттеу керек.
 
- Сұхбатыңызға рақмет!

adimage