Жаркентте 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады

Талдықорған. 30 шілде. ҚазТАГ – Алматы облысы Жәркент қаласында 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады, деп хабарлады облыс әкімшілігінің баспасөз қызметінен.
«Алматы облысы Панфилов ауданы Жаркент қаласында 320 орынға арналған жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл спорттық нысанға облыстық бюджеттен 238 млн. теңге бөлінген», - деп көрсетілген облыс әкімшігінің сайтында жарияланған хабарда.
Хабарда айтылғандай, 4 блоктан тұратын жаңа көпфункционалды кешен 3 гектарға жуық жерді алып жатыр. Онда футбол, баскетбол, волейбол, атлетикалық гимнастика, күрес, бокс, шейпингпен айналысуға мүмкіндік болады. Ғимарат аумағында 240 орынға арналған трибунасы бар футбол стадионы мен автотұрақ қарастырылған.  
Сонымен қатар жоба бойынша заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған тренажер залы да қызмет көрсетпек. Сол сияқты  футбол, теннис және басқа да спорт түрлерінен балалар үйірмелері жұмыс істейді деп жоспарланып отыр. Бұл орайда аз қамтылған отбасылары балалары мен интернат тәрбиеленушілеріне жеңілдіктер қарастырылатын болады.

adimage