Жарылыстың алдын-алды: Астанадағы ЖЖС-та автокөлік дымы қалмай жанып кетті

Күні: 10:59, 07-03-2019.

Астана. 7 наурыз. ҚазТАГ – Астанада ЖЖС-та автокөлік толығымен жанып кетті, зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ, деп хабарлады қалалық ТЖД баспасөз қызметінен.
«6 наурызда сағат 21.05-те «101» өрт байланысының орталық пунктіне Қорғалжын шоссесі 6 мекенжайы бойынша орналасқан «Синоил» ЖЖС-інде өрт шыққаны туралы хабар келіп түсті. Оқиға орнына дереу өрт сөндіру қызметінің кезекші бөлімшелері аттанды», - делінген хабарда.
Ақпаратқа сәйкес, анықталғандай ЖЖС аумағында КIA Sportage автокөлігі өртеніп жатқан, ол өрттің жанар май құю бағанасын да шарпу қаупі төнген.
«Өрт сөндірушілердің жедел, сауатты қимылы мен дұрыс қабылдаған шешімдерінің арқасында кезекші қызмет жарылыстың алдын алып, жақын маңда тұрған көліктердің барлығы қауіпсіз жерге шығарылып, өрт уақытылы сөндіріліп, үлкен апаттан аман алып қалды», - делінген баспасөз парақшасында.
Өрт 21.24-те ауыздықталып, 21.30-да толық сөндірілді. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ.
«Өрт себебі анықталуда. Барлығы өртті сөндіруге жеке құрамдағы 14 адам мен 5 бірлік техника жұмылдырылған. Автомобиль КIA Sportage көлігі толығымен өртеніп кетті, сонымен қатар жанар май құю бағанасының резеңке және пластмасса бөлшектері зардап шеккен», - делінген хабарда.


Жаңалықтармен бөлісу: