Жастар біздің тарихымызды есте сақтауы керек - Назарбаев

Күні: 10:26, 01-03-2019.

Астана. 1 наурыз. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықты Алғыс айту күнімен құттықтады, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
«Құрметті отандастар! Баршаңызды Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке қиын-қыстау жылдары қазақ халқының көрсеткен қамқорлығы мен мейірімділігінің ұмытылмайтынын білдіреді. Алғыс айту күні – ортақ тарихымызға көрсетілген құрметтің, бүкіл қазақстандықтардың өз шаңырағына айналған киелі қазақ жеріне деген ризашылықтың белгісі», - делінген жұмада жарияланған құттықтау мәтінінде.
Президенттің пікірінше, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халқының бірлігін нығайта отырып, татулық пен келісімнің бірегей үлгісі қалыптасты.
«Қазіргі таңда біз ауқымды жаңғырту бағдарламасын жүзеге асырып, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін кешенді шараларды қолға алдық. Ынтымақтастық пен өзара көмек сияқты берік құндылықтар біріктіруші күшке айналып, еліміздің болашағына деген нық сенім мен жауапкершілік сезімін қалыптастырады. Қазақстандықтардың қазіргі буыны, әсіресе жастар, тарихымызды біліп, есте сақтауы керек. Тарих тағылымы шынайы патриотизм мен бірліктің үлгісін көрсетеді», - деп санайды Назарбаев.
Бұл ретте ол әр отбасыға бақ-береке, елімізге татулық пен тыныштық тіледі.
«Әрқайсымыздың жүрегімізде ортақ жетістігімізге – өркендеп келе жатқан Қазақстанға деген мақтаныш пен ризашылық сезімі ұялай берсін!», - деді мемлекет басшысы.
2016 жылдан бастап Қазақстанда жаңа мереке – президенттің жарлығымен бекітілген Алғыс айту мерекесі атап өтіліп келеді. Осы құжатпен оның жыл сайын атап өтілетін күні 1 наурыз да бекітілген.


Жаңалықтармен бөлісу: