Жедел жәрдемге ақша жоқ, бірақ форум мен мереке өткізуге қаржы табады – депутат, елімізде шетелдік спортшыларды мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруға тыйым салынды және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 27 наурыз. ҚазТАГ – Жедел жәрдемге ақша жоқ, бірақ форум мен мереке өткізуге қаржы табады – депутат, елімізде шетелдік спортшыларды мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруға тыйым салынды және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

Салық комитеті той салығына қатысты дауға түсініктеме берді

Мемлекеттік кірістер комитеті соңғы күндері қоғамда қызу пікірталас тудырған «тойға салық салына ма?» деген мәселеге ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды El.kz.

Комитеттің мәлімдеуінше, әңгіме той иелері туралы емес, той қызметіне байланысты табыс тауып жүрген азаматтардың салық міндеттемелері жайында. Бұл мәселе – жеке кәсіпкер ретінде ресми тіркелмей, сауда-саттықпен немесе басқа да коммерциялық қызметтермен айналысатын тұлғаларға қатысты. Яғни, тойда қызмет көрсетіп, бірақ салық төлемейтін жүргізушілер, фотографтар, тамадалар, әншілер мен басқа да азаматтар туралы.

«Комитет жеке тұлғалардың салық міндеттемелерін орындау бойынша салықтық әкімшілендіруді олардың қызметіне қарамастан үнемі жүргізіп отырады», – делінген ресми жауапта.

Түркістан облысында мектеп оқушыларының қатысуымен түсірілген порнография Т2500-ден сатылған

Telegram арнада Т2500-ге порнороликтер сатылған және арнада 8012 жазылушы тіркелген, деп хабарлайды Orda.kz.

Түркістан облысы прокуратурасының мәліметінше, Telegram арнаны ашқандар Түркістан және Қызылорда облыстарынан ұсталды. Басты администратор – бұрын ауыр қылмыс жасаған адам екені анықталып, қамауға алынды.

Сотқа дейінгі тергеу басталды. Прокуратура Telegram-дағы сегіз мың жазылушыны тексеруді бастады.

Елімізде шетелдік спортшыларды мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруға тыйым салынды

Қазақстанда легионерлерді мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сенат дене шынықтыру және спорт туралы заңға түзетулерді мақұлдады. Жаңа нормалар спорттың басым бағыттарын дамытуға бөлінетін бюджет қаражатын тиімді пайдалануға бағытталған.

Жаңа өзгерістер: ұлттық спорт федерациялары аймақтық федерацияларға қарағанда басымдыққа ие болады; кәсіби клубтарға бөлінетін қаржыға шектеу қойылып, бұқаралық және балалар-жасөспірімдер спортына басымдық беріледі; жергілікті билік дене шынықтыру және спорт саласындағы қызметтердің бағасын реттей алады; спорттық медицинаны дамыту және спортшыларды даярлау стандарттарын күшейту шаралары қолға алынады; спорт саласындағы мемлекеттік ұйым басшыларын ауыстыру жүйесі енгізіледі; шетелдік спортшыларды мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салынады.

Жедел жәрдемге ақша жоқ, бірақ форум мен мереке өткізуге қаржы табады – депутат

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жедел жәрдем қызметіне қаражат бөлмей отырған әкімдіктердің тізімі жақын арада жарияланатынын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz.

«Жедел жәрдемге негізінен жергілікті әкімдіктер жауапты. Бірақ олар бұл қызметке қажетті қаражатты толық бөлмей отыр. Дегенмен түрлі іс-шаралар, мерекелер, форумдар өткізіп, безендіруге қаржы тауып келеді. Бірақ жедел жәрдем қызметіне ақша бөле алмай отыр», – дейді мәжілісмен.

Фото көзі: «Астана» футбол клубы


adimage