Жетісай қаласында қыздарды тістеуікпен азаптаған деп күдіктелген өгей шеше екі айға үй қамаққа алынды

Алматы 19 сәуір ҚазТАГ - Жетісай соты үш қызды жәбірлеген деп күдіктелген өгей шешені  үйде қамауда ұстау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды otyrar.kz.
Жетісай аудандық сотының тергеу судьясы Мұхтар Жолдасбеков өгей шешеге қатысты үй қамақта ұстау бұлтартпау шарасын қолдану туралы санкция берді. Оған себеп судьяның материалды қарау кезінде өгей ананың кәмелетке толмаған ұлы бары және жүктілігі ескерілген. Сонымен қатар, Қазақстанда тұратын тұрақты мекен – жайы бары да ескерілген. Тергеу кезінде 28 жастағы өгей шеше үй қамақта болады.
Еске сала кетейік, Жетісай қаласында өгей шеше қыздарына ине тығып, тоңазытқышқа отырғызып, аяқтарын ыстық суға малып азаптағаны белгілі болған еді. Кейіннен осы жайтқа қатысты Қылмыстық кодекстің екі бабымен («ҚР ҚК 110-бабы «Азаптау» және 140-бабы «Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу бойынша міндетін орындамау») іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Бұған дейін ҚазТАГ білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, өгей шешенің зәбірінен бір баланың зардап шеккенін хабарлаған еді, одан «тістеуіктің, пышақтың іздері табылған».
«Түркістан облысының Жетісай ауданындағы балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері Бала құқықтары жөніндегі Омбудсмені  Сәуле Айтпаеваның, ҚР Бас прокуратурасының және ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бақылауында», деп хабарлады ведомство.
Естеріңізге сала кетейік, 17-ші сәуірде Түркістан облысындағы денелерінде пышақпен және тістеуіктермен азаптау іздері бар үш қыздың ауруханаларға жатқаны белгілі болды.


adimage