Жоғары технологиялар институтының бас директоры Серік Қожахметов: АТОМ САЛАСЫНЫҢ ДАМУЫ – БҰЛ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ ДЕҢГЕЙГЕ ШЫҒУ

Алматы. 3 шілде. ҚазТАГ – Толқын Тәшімов. Соңғы кездері Қазақстанда тұңғыш атом электр стансасын құру үлкен маңызға ие болып, отандық атом саласын дамыту мәселесіне қатысты қоғам пікірі анықталды. Қоғамның бір бөлігі Қазақстанның әлі де жүздеген жылдарға жететін көмір қорын алға тартып, атом саласын дамытуды қажет емес десе, екінші бөлігі бүкіл қазақстандық экономиканы инновациялық база негізінде дамытуға мүмкіндік беру үшін атом саласын дамытуды қажет деп санайды.

Атом саласының құрылуының осы және басқа да мәселелері жайлы ҚазТАГ тілшісіне «Қазатомпром» ҰАК жоғары технологиялар институтының бас директоры Серік Қожахметов әңгімеледі.

 

 

- Серік Қасымұлы, сіз жуырда солтүстікте екінші атом стансасын салу керек деп мәлімдедіңіз. Нақты қай жерде, және неліктен?

 

- Екінші АЭС-тың Қазақстанның солтүстігінде салу керектігі атом энергетикасын дамыту тұжырымдамасымен белгіленген. Бұл елдегі энергетиканы дамыту жоспарларын жаңарту аясында «Қазатомпромда» осыдан бірнеше жыл бұрын жасалған. Ол тұжырым сол кезде қызмет етіп тұрған және еліміздің энергобалансын 25-30 жылға болжаған талдауға негізделген. Құжатқа сәйкес Қазақстанның батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде әрқайсысы 600 МВт тұратын үш АЭС құрылуы мүмкін екендігі сөз болған. АЭС-тың мұндай көрінісі электр энергиясын тұтыну қартасына байланысты бекітілген, сондықтан оның экономикалық астары тағы бар. Қолда бар мәліметтерді талдау нәтижесінде дәл осы өңірлерде электр қуатының тапшылығын басқа қуаттар есебінен теңгеру қиынға соққан.

 

- Алайда біз оңтүстік өңірлердегі электр қуатының тапшылығын жабу үшін ұзыннан ұзақ электр қуатын беру желілерін салып жатырмыз. Мұндай стратегия қаншалықты өзін-өзі ақтай алады?

 

- Ұлы физиктердің бірі, Нобель сыйлығының лауреаты Петр Капица атақты физтех дәрісінде студенттерге қарап электр қуаты сымдар арқылы беріледі деп ойлайтын адам қателеседі деген. Капицаның айтуынша, электр тоғы әдетте сымдардың арасында керісінше қуатынан айырылады...

Мына бір ерекшілікке назар аударыңыздар. Қытайда электр қуатын өткізетін желілер жоқтың қасы. Онда үлкен конгломерацияның жанынан электр қуатының локальдық негізін құрып жатыр. Ал Еуропада электр қуатын өткізу желілерін көріністі бұзбау үшін және неғұрлым қауіпсіз болуы үшін әдетте жер астына көмеді.

Осы жағдайда Кеңес экономикасының, өндірісінің көптеген атрибуттары ескірген және қазіргі кезге сай келмейді деуге болады. Сондықтан, оның қатарына қуат көзін күшінен айырып қоятын электр қуатын өткізу желілерімен қоса солардың әсерінен қолданыстан алынатын ауылшаруашылық жерлерін де жатқызуға болады. Осыған қатысты тағы бір мәселе ол Ертіс суының бір бөлігінің Қазақстанның солтүстігі мен батысына ағызылуы. Мұндай жағдайда судың 50 % буға айналып кететіндігі белгілі. Сол себептен электр қуатын ұзақ қашықтықтарға тасымалдау Ертіс суын ауыстыру қорытындысымен тең.

 

 

- Сіздің пікіріңізше, Қазақстан үшін атом саласы деген не?

 

- Атом саласы – бұл жоғары білімді адамдар сегменті, жаңа құндылықтар, жаңа менталитет. Осы саланы құрылымдай отырып, интеллектуалдық даму жоспарында бірталай алға шығамыз. Ал жоғары интеллект әлемге деген жаңа көзқарасты және неғұрлым белсенді азаматтық позицияны қалыптастырады. Мұндай жағдайда экономика азаматтық қоғамның дамуына дем береді. Атом саласы азаматтық қоғамды дамытуға айтарлықтай үлес қоса алатынына өз басым сенемін.

 

- Қазақстандық тараптың Ақтауда бірінші АЭС салу мәселесінде ресейлік реакторға баса назар аударуының себебі неде?

 

- Ресей қазір реактор құрудың екі сегментінде алдыңғы қатарда келе жатқанын жақсы білеміз. Бұл 600 МВт жететін кіші және орта қуатты реактор және жылдам нейтронды реакторлар. Ресей Кеңес дәуірінен бері реакторларды пайдаланудың әскери аспектісін, соның ішінде оларды атомды су асты және су бетіндегі саймандарды күш ретінде пайдалануды жылдам қарқынмен дамытқан. Айтпақшы, апатқа ұшыраған «Курск» атомдық су асты қайығының реакторының саңлаусыздығының сақталуы осының айқын дәлелі. Ресейдің артықшылығы, айқын көрінетін екінші бағыт – ол өзім айтып өткендей жылдам нейтронды реакторлар. Айта келгенде БН-350 алғашқы өндірістік реакторы бір кездері Манғыстау атом-энергетикалық комбинатында (МАЭК) құрылып, қазір 30 жыл бір апатсыз пайдаланылғаннан соң, одан шығарылу сатысында тұр (декомиссия).

Алайда «жылдам» реакторлар екі мақсатта пайдаланылуы мүмкін болғандықтан, Қазақстан оның декомиссиясына келісімін берді, дегенмен БН-350 ресурсы әлі де аяқталмаған. Сөйтіп, Қазақстанның ядросыз мемлекет дәрежесіне ұмтылатындығын тағы бір рет дәлелдеді.

Бүгінде Ресей БН-800 жаңа реакторын жобалауды аяқтап қалды. Дегенмен мұнымен тоқтап қалмайды: «Росатом» БН-1000 құру бағдарламасын іске асыруға елдің саяси басшылығының рұқсатын алды. Осы жағдайларға қарап ресейлік жобаны іске асыруға бірден бір мүмкін жоба ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Қазақстанның дәл осы позициясын елбасы 7 маусымдағы Ресей президентімен кездесуде жариялады.

 

- Қазақстан бірінші АЭС-та қуаттылығы 300 МВт реакторды құрастыруды жоспарлап отыр. Реактордың мұндай кішігірім қуаты электр энергиясының өзіндік құнына әсер етеді деп ойламайсыз ба?

 

-  КСРО кезеңінен бері Қазақстанның батыс өңірінде мұнай саласы дамығандықтан халық көп қоныстанбады, онда адамның көптеп қоныстануы қажет емес болатын. Өңірде басқа өндірістік инфрақұрылым болмады, сондықтан энергия да аз жұмсалды. Және де ол жерде төмен қуатты электр таратушы желі құрылды.

Өзіндік құны бойынша электр қуатын өндіретін қуаттылығы 1 ГВт реактор қоюдың қажеті жоқ. Бір жағынан, өзіндік құнын төмендетеміз деп жүріп күшті реактор орналастырсақ, онда электр таратушы желіні толықтай ауыстыру немесе оны жаңарту қуаттың өзіндік құнын ұлғайтуға әсер етеді. Осы факторларды ескере отырып, ең дұрысы ресейлік ВВР-300 реакторын пайдалану жөн деген шешім қабылданды. Алайда соңғы шешімді ел үкіметі сәйкес жарыстан соң қабылдайды.

 

 

- Серік Қасымұлы, сонда балама реактордың болмағаны ма?

 

- Әрине бар. Мамандар балама реактор туралы айтқан кезде Westinghouse компаниясының АР-600 реакторын тұспалдаса керек. Ол ресейлік реакторға балама реактор ретінде қарастырылған. Бұл да өте сенімді реактор.

Дегенмен үкімет АЭС құру туралы нақты шешім қабылдағанға дейін тағы да қайталаймын, реактор типтері туралы сөз таластыру белгілі романдағы пике көйлегіне қатысты пікірсайысты еске салатын болады.

Қазақстан қандай таңдау жасауы мүмкін? Менің ойымша, кез келген шешім қабылданады. АЭС құрылысы кезінде біз «сынақтан өткен» деген сипатына емес, бірінші кезекте реактордың қауіпсіздігіне баса назар аударуымыз керек. Реакторға қатысты «жаңартпашыл» және «қауіпсіз» деген сөздерді синоним ретінде қарастыруға болады.

 

- Қазақстанда атом стансаларының салу қажеттігіне қандай айғақтар келтіре аласыз?

 

- Біріншіден айта кететін жайт көптеген қазақстандық шенеуніктер Қазақстанға атом саласының қажеттігіне объективті баға бере алмайды. Олар нақты саяси және конъюнктуралық кеңістікте тұр, бұл әсіресе «Қазатомпром» төңірегіндегі оқиғалардан кейін айқын көрінді. Оларда көбінесе атом саласының болашағына қатысты теріс көзқарас қалыптасады. Бұл бас сауғалау формасындағы өзін өзі қорғау реакциясы. Экономикалық тиімділік мақсатта республиканың көптеген өңірлерінде, әсіресе Балқашта күшті негіздердің құрылысы қажет.

Бүгінгі таңда осы психологиялық нюанстардың нәтижесі Балқашта салынған жылу электр станциясының (ЖЭС) пайдасына қабылданған шешім болып табылады. Алайда Қазақстанда ЖЭС салу жолымен алға жылжитын болсақ, онда табиғатқа орны толмас зиян келтіретінімізді көпшілік енді-енді түсініп келе жатыр.

Кез келген ЖЭС орасан зор үйінді шығарады, міндетті түрде олардың көзін құрту керек. Әзірге жерге көмеміз. Дегенмен ең бастысы бұл емес. ЖЭС – бұл оттегін жағып, С2О бөліп шығаратын энергетика. Алайда ЖЭС табиғатқа келтіретін зияннан бастайтын болсақ та, энергия тапшылығының технологиялық шешімі ретінде бұл озат шешім болып табылмайды.

 

 

- Дегенмен, қоғамда әзірге біздің елімізде көмір кені көп болғандықтан, АЭС салудың қажеті жоқ, деген пікір қалыптасқан?

 

-  Меніңше, мұндай ой таяз ойлы адамдарға тән. Мейлі, Қазақстан жері кең-байтақ, 2-3 күшті ЖЭС құрылысы экологияға көп зиян келтіре қоймайды дегендей. Бірақ ЖЭС құру және пайдалану барысында көптеген зиянды нюанстар баршылық. Біреуін қарастырып көрелік. Алдымен мынадай сұрақ: ЖЭС-қа құбыр салуға инвестицияның қандай бөлігі жұмсалатынын білесіз бе? Өзім жауап берейін: мәселен, еліміздің ең ірі Екібастұздық МАЭС-1 – бұл бүкіл шығынның жартысынан көбі. Жағылған өнімді атмосфераға неғырлым көп шығаруға бейім аса үлкен құрылыс екені белгілі.

Енді Қазақстанның қақ ортасында Балқашта салынған үлкен ЖЭС-ты көз алдыңызға елестетіңіз. Өзіміздің азаматтарымыздың денсаулығына тигізетін әсері туралы мәселені қозғамай-ақ қояйық. Сонымен, бүкіл әлем бойынша экологиялық нормаларды қатайтудың айқын тенденцияларын көре тұрып, ЖЭС құрғалы жатырмыз. Көршілес жатқан елдер аумағына экологиялық зиян келтірді деген сылтаумен елімізге қысым көрсетілуі де ықтимал. Яғни, сәйкесінше сотқа арыз берілетін жағдайды өзіміз тудырамыз, ол таласта екінші тараптың жеңіп шығуы да күмән тудырмайды.

Осы тәуекелдің бәрін ЖЭС құрылысы жоспарының нақты құнына енгізу керек. Алайда бұл әзірге жасалған емес.

 

- Қателеспесем, алғашқы жағымды жаңалық бар сияқты. Ол - ҚР атом энергетикасы жөніндегі агенттіктің құрылуы туралы?

 

- Келісемін, бұл шынымен де жағымды жаңалық. Агенттіктің құрылуы құзыретті мекеменің (индустрия және жаңа технологиялар министрлігі - ҚазТАГ) атом саласының дамуы мен АЭС құрылысына жауапкершілікті өз мойнына алмағандығын білдіреді.

Дегенмен, билік басындағылардың бұған қатысты өз себебі бар. Агенттікті құру арқылы олар, бір жағынан, атом энергетикасы бойынша халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) сәйкес мемлекеттік органның құрылуы туралы  талабын орындады, екінші жағынан, қоластындағылардан не атом саласын дамытып, сәйкес бақылаушы мемлекеттік органды құруды, не Қазақстанда атом саласын дамыту туралы идеяның өзін толықтай жоққа шығаруға қатысты бір тоқтамға келуді талап еткен елбасы позициясының шешуші рөлі анық көрінді. Орайы келіп, біріншісі іске асты.

Енді салаға нақты міндет қойылды. Қазақстанда энергетиканы дамытудағы үкімет жоспарларына сәйкес, 2025 жылға дейін АЭС тудыратын электр қуатының үлесін 4%-ға жеткізу керек. Еліміздің түрлі өңірлерінде орналасқан жоғарыда аталған АЭС жоспарланған үлесті қамтамасыз етуі тиіс.

 

- Қазақстанда атом саласын дамытуға Фукусима факторының әсері қандай?

 

- Тікелей әсері әрине жоқ, бірақ Фукусима факторының өзі көпшілікті толғандырады. Фукусимадағы апат жоғары технологиялар мен жапондықтардың бар жан-тәнімен беріле іске кірісуінің арқасында ғана ауыздықталды. Міне, олар осындай жігерлі ұлт. Осындай апаттан соң АЭС-қа деген сұраныс күрт азаюы керек.

Алайда әлемдік атом саласы Қытай елінің арқасында дамуын тоқтатпады: 2050 жылға қарай Қытай өз иелігіндегі қызмет етіп тұрған блокты 100-ге жеткізбек. Қытайдың осындай жоспарларынан кейін Германия басшылығының өз аумағындағы АЭС-ды біртіндеп жабуы туралы шешімі нарықта ештеңені өзгерте алмайды.

Германиядағы жағдай туралы жекелей ататын болсақ, онда экологиялық, әсіресе саяси өзгерістердің жоғары конъюнктурасын айта кету қажет. Қазір экологтар үкімет басындағыларға қысым көрсетіп, көздегеніне қол жеткізуде. Алайда энергетикалық көлік құрастыру саласында көптеген миллиард тапсырыс алып жүрген Siemens, RWE және тағы басқа ірі энергетикалық компаниялардың неміс үкіметінің осындай ұзақ мерзімді сипаттағы саясатына жол беріп отырғанын түсінбеймін. Бұл олардың ісіне кері әсер етпей ме... Осы мәселенің ертеңгі шешімі қандай болатынын ешкім білмейді.

 

- Дегенмен, АЭС салуға қарсы адамдардың көбі олардың қауіптілігенен қорқады?

 

- Үйде теледидар көріп отырудың өзі қауіпті. Кенеттен жер сілкінсе қайтесің? Қарсыластарыма жауап ретінде былай деймін. Шығыс Қазақстан облысына Бұқтарма ГЭС сарқырамасының ескірген гидротехникалық құрылысынан келетін қауіп кез келген АЭС-тен келетін қауіптен асып түседі. Орай қылғанда, олардың беріктілігін ұлғайтуға қатысты жұмыстар алдағы жылдарға жоспарланып отыр. Гидроқұрылыстарға қатысты кез келген тәуекел (мәселен Саян-Шушен МАЭС) өте жоғары болып келеді. Бар мәселе біз осыларды сол күйі жалғастыра береміз бе, әлде технологиялық дамудың жаңа сатысына көшкен дұрыс па?

 

- Серік Қасымұлы, билік басындағылар Қазақстан аумағында ядролық отын банкін (ЯОБ) құру идеясын белсенді түрде ілгерілетуде. Жалпы оның бізге қандай пайдасы бар?

 

- Экономикалық тұрғыдан ешқандай пайда жоқ. Алайда адамзат экономикалық пайда үшін ғана өмір сүріп жатқан жоқ. Айтпақшы, осы нысанның құрылысын МАГАТЭ қаржыландырады. Бұл арнайы қорғалатын аумақ, онда МАГАТЭ-ға тиесілі төмен байытылған уран сақталады.

Осы жоба әлемге Қазақстанның ашық ел екендігін көрсетеді. Оған жоғалып кетеді деп қорықпастан, уран материалын сақтауды сеніп тапсыруға болады. Есесіне ел ретінде біз қосымша беделге әрі саяси тартымдылыққа ие боламыз. Былайша айтқанда, бұл вокзалда бізге бағалы заттарға толы шабадандарды сақтауға сеніп бергенмен тең. Ал бұл әлемдік қауымдастықтың сенімі, оны ақшамен бағалауға келмейді...

 

 

- Сұхбатыңызға рахмет.


adimage